​Біріккен Араб Әмірліктеріне саяхаттамақ болсаңыз

0
5 568

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) — отандас туристердің таңдауы жиі түсетін, Қазақстанның туристік нарығында алдыңғы орында тұрған бағыттардың бірі. Өйткені онда түрлі талғамды қанағаттандыра алатын барлық жағдай жасалған. Жайлы жағажайлар, жылы теңіз суы, қызықты экскурсия, сафари, спорттық ойын-сауықтар, дәмді тағам, тиімді шопинг — демалыс үшін не керектің бәрі бар. Ішіңіз пыспайтыны анық.


​Біріккен Араб Әмірліктеріне саяхаттамақ болсаңыз

Фото: aljasira-essaouira.com

Астанасы: Абу-Даби

Ресми тілі: араб тілі

Валютасы: БАӘ дирхамы

Климаты: тропикалық шөл

Сағат айырмашылығы: Астана уақытынан 2 сағат кейін

Ұшу уақыты: 4-5 сағат

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) — отандас туристердің таңдауы жиі түсетін, Қазақстанның туристік нарығында алдыңғы орында тұрған бағыттардың бірі. Өйткені онда түрлі талғамды қанағаттандыра алатын барлық жағдай жасалған. Жайлы жағажайлар, жылы теңіз суы, қызықты экскурсия, сафари, спорттық ойын-сауықтар, дәмді тағам, тиімді шопинг — демалыс үшін не керектің бәрі бар. Ішіңіз пыспайтыны анық.

БАӘ-де жылдың 255 күнінде Күн шуақ шашып тұрады. Қыс мезгіліндегі ең төменгі температура шамамен (+25°С)-(+13-19°С) болса, жазда (+50°С)-ға дейін жетеді. Сондықтан қазан-мамыр айларының арасы туристік науқан саналады. Әсіресе, қазан-қараша, наурыз-сәуір айларында демалушылар саны күрт артып, курорттар қыз-қыз қайнап жатады.

Отандық туристік фирмалардың турпакетін таңдауда асығыстыққа бой алдырмаңыз. Арзан, орташа және қомақты қаржыны қажет ететін барлық нұсқаларды қарап шығыңыз. Бағаның жиі өзгеріп тұратынын ескеріңіз.

Демалыс орнын таңдамас бұрын елдің әрбір аймағымен жақсылап танысуға уақыт арнаңыз. БАӘ құрамына 7 әмірлік кіреді, олар: Дубай, Абу-Даби, Шарджа, Фуджейра, Рас-эль-Хайма, Аджман және Умм-эль-Кувейн.

Ең көп турист тартатын әмірлік — Дубай. Әмірлік орталығы тағам талғампаздары мен шоппинг жасаушылар үшін жұмақ мекенмен бірдей. Сондықтан, келушілердің барлығы дерлік мұндағы 40-тан астам сауда орталықтары мен базарларды араламай қайтпайды. Елдегі жағалаулық курорттардың басым көпшілігі де осы қала маңына шоғырланған.

Ел территориясының 85 пайызын алып жатқан Абу-Даби әмірлігінде қонақүйлер аз, дегенмен, оларда жоғары қызмет көрсету сапасы жолға қойылған. Сондықтан, бұл жерде ең қалталы қонақтар қоныстанады. Ал, әмірліктің келушілерге ұсынатын қызықтары қатарын шығыстық үлгідегі дүкендер, мейрамханалар, би кештері, дайвинг-орталықтар құрайды. Көпшіліктің қызығушылығына ие болған Аль Аин оазис-шаһары да осы әмірлік аумағында.

Балалармен отбасылық демалыс үшін ең жайлы жер — Шарджа. Әмірліктің атын шығарған — Халид мүйісінің жағажайлары мен Эль-Жазира ойын-сауық саябағы. Мұнда Құран кітапта көрсетілген талаптардың орындалуын қатаң қадағалайтынын және алкогольді ішімдіктерді сақтау мен тұтынуға тыйым салынғанын есте сақтаңыз.

Дайвинг әуесқойлары Фуджейра әмірлігіне тура тартады. Өйткені, елдегі дайвинг-орталықтардың көпшілігі және ең көрнектілері осында шоғырланған. Мұндағы құмды жағажайларды да көркем табиғат көмкеріп тұр.

Рас-эль-Хайма әмірлігі елдің қиыр солтүстігінде орналасқан. Орталық қаласын шығанақ екіге бөліп тұр. Саяхатшылар таңдауы көбіне батыс бөлігіне түседі, өйткені, негізгі назар аударарлық нысандар осында.

БАӘ құрамындағы ең кішкентай әмірлік — Аджман. Басқа әмірліктермен салыстырғанда мұнда туристер аз болады. Өйткені, ойын-сауық пен қызық аз. Сондықтан, оңаша, тыныш жерде тыныққысы келгендер Аджманға бет алады.

Умм-эль-Кувейн әмірлігі елдегі түйелер жарысын өткізетін ең жақсы жолдарымен танымал. Сондай-ақ, Орталық Шығыстағы ең үлкен аквапарк — «Дримленд» те осында.

Әмірліктер арасында автобуспен қатынау жақсы жолға қойылған. Ең белсенді бағыттарға әрбір жарты сағат сайын автобус жүріп тұрады. Жол ақысы қашықтыққа байланысты 5-30 БАӘ дирхамы шамасында.

Қонақүй таңдарда оның орналасқан жеріне, жұлдыз санына мән беріңіз, туристер пікірін оқыңыз. Бұл тұста қонақүйдің назар аударарлық нысандар мен теңізге, сондай-ақ, әуежайға жақын болуы маңызды.

Көбіне туристер таңдауы 3-4 жұлдызды қонақүйлерге түседі екен. Ал, 5 жұлдызды қонақүйге түскендер ғимараттың сән-салтанаты мен қызмет көрсету сапасына көңілі толық толары сөзсіз. Бір түн ғана қонып шығу үшін 2 жұлдыздылары да жарай беретін сыңайлы.

Жадыңызда жүрсін, 31.03.2014 ж. бастап Дубай әмірлігіне аяқ басқан саяхатшылар турист салығын төлейді. Сомасы қонақүй жұлдызының саны мен апартамент категориясына байланысты есептеледі.

БАӘ — мұсылман елі. Сондықтан, мұнда салт-дәстүр мен дін талаптары қатаң сақталады. Жергілікті халықпен жақсы түсінісіп, тыныштықта тыныққыңыз келсе, салт-дәстүрлерін сыйлауға тиіссіз.

  • Сапарыңыз Рамазан айына тура келсе, күндізгі уақытта көпшілік жерде тамақтанбаңыз.
  • Есірткі тарату, қабылдау, жыныстық қатынас сипатындағы қылмыстар үшін қатаң жазалайды.
  • Спирттік ішімдіктерді тек рұқсат етілген мейрамхана, сырахана не қонақүйде ғана ішуге болады. Қоғамдық орында алкоголь тұтыну не масаң қалыпта жүрудің соңы қылмыстық жазалауға не елден шығаруға апарады.
  • Намаз оқу үстіндегі адамға тіке қарау, фото не бейнеге түсіру, сондай-ақ, мешітке ашық-шашық киіммен кіру мәдениетсіздік саналады.
  • Үйге кірер болсаңыз, аяқ киіміңізді шешіңіз.
  • Жергілікті халықпен қол алысар болсаңыз, ұзағырақ ұстаңыз, олар мұны сіздің мұқияттылығыңызға балайды. Қоштасу кезінде де қол алысуды ұмытпаңыз.
  • Мұсылман әйеліне ешқашан бірінші болып қолыңызды бермеңіз.
  • Арабтармен сөйлесу кезінде танитын болсаңыз да, оның әйелін сұрамағаныңыз жөн. Отбасының жағдайын сыпайы түрде бір рет қана сұрау жеткілікті.
  • Арабтар қонақжай халық, сондықтан, олар ұсынған сусын не астан дәм татпай кету — сыйламағандық белгісі саналады.
  • Ұсынылған зат, тағам не сусын — барлығын оң қолмен алыңыз.
  • Әскери нысан, мекеме ғимараттары, полиция бөлімшелерін және араб әйелдерін суретке түсірмеңіз.

Дайындаған: А. Бектұрғанова