Оларды адамдар емес, табиғат жасаған!
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Біздің планетамыз таңқаларлық табиғи ғажайыптарға бай. Солардың ішінде миллиондаған жылдар бойы жел, жауын-шашын және су әсерінен пайда болған үңгірлерді ерекше атап өтуге болады. Бұрын адамдардың назарынан тыс болған үңгірлер өзіндік ерекшеліктерімен тәнті етеді. Мәселен, кей үңгірлер сиқырлы әуендер шығаратын болса, енді бірінің іші жұлдызды аспан сияқты жарқырап тұрады. Енді біреулері мөлдір бұлақ, мұз мүсін, жерасты сарқырамалары және табиғаттың басқа да ғажайыптарымен ерекшеленеді.
Мәрмәр үңгірлер (Чили)
Планетамыздағы ең әдемі табиғи жерлердің бірі – мәрмәр үңгірлер. Олар Чилидің Ұлттық ескерткіші мен Патагониядағы Хенерал-Каррера мұздық көлінің батыс жағалауында орналасқан. Іс жүзінде бұл көлдің орталығында жалғыз арал бар. Кристалды арал судың үстінде ілулі тұрған сияқты. Ал, аралдың ішінде талантты суретші бояған лабиринттерге ұқсас таңғажайып үңгір бар. Ондағы сәулет ғажайыптарын 6000 жылдан астам уақыт бойы су мен жел салған. Осылайша көк-сұр, қызғылт түсті мәрмәр тастар пайда болған.
Мамонт үңгірі (АҚШ)
Кентукки штатында орналасқан Мамонт үңгірі – ұлттық паркте орналасқан әлемдегі ең ұзын карст үңгірлер жүйесі. Оның 676 шақырым бөлігі зерттеліп, 225 жер асты өткелі, 20-ға жуық үлкен залдар және 20-дан астам терең шахталар пайда болған. Ішінде миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жерасты өзендері, туннельдер, лабиринттер және көркем тау жыныстары бар.
Туристер Мамонт үңгіріне экскурсиялар арқылы бара алады. Қонақтарға 1-ден 6 сағатқа дейін созылатын әртүрлі нұсқалар ұсынылады.
Фингал үңгірі (Шотландия)
Фингал үңгірі Шотландияның батыс жағалауындағы шөлді Стаффа аралында орналасқан. Оның алтыбұрышты базальт бағандарынан тұратын ішкі қабырғалары ерекше көрініске ие. Тіпті, кейбір келушілер оларды адамның күшімен салынған деп санайды екен. Бірақ, бұл табиғаттың жаратылысы.
Вайтомо оттары үңгірі (Жаңа Зеландия)
Әлемдегі ең әйгілі үңгірлердің бірі — Жаңа Зеландияның Солтүстік аралындағы Вайтомо оттары үңгірі(Waitomo Glowworm үңгірлері). Ол ішінде мекендейтін саңырауқұлақ масаларының арқасында танымал болды. Олар —қараңғыда жарқырайды және тек осы елге тән.
Экскурсия барысында туристер үш зал арқылы өтіп, жерасты өзендерінің кең жүйесін, сталактиттер мен сталагмиттердің, тіректер мен бағандардың керемет түзілімдерін көре алады. Тур қайықпен Вайтомо өзенінің астындағы отты Гротто арқылы серуендеумен аяқталады. Мұндағы жалғыз жарық көзі –тірі шамдардың қызметін атқаратын ұсақ масалар.
Туристер Вайтомо оттары үңгіріне барудың ең жақсы уақыты желтоқсаннан наурызға дейінгі мерзім екенін ескеруі керек.
Қамыс флейта үңгірі (Қытай)
Сиқырлы қамыс флейта үңгірі Қытайдың оңтүстігінде, Гуилин қаласының жанында орналасқан және "табиғи өнер сарайы" ретінде танымал. Ол жасанды жарықпен жабдықталған, соның арқасында күрделі сталактиттер, сталагмиттер және басқа да тау жыныстары әдемі көрінеді. Археологтар бұл таңғажайып үңгір шамамен 600 миллион жыл бұрын пайда болған деп санайды. Оның ішінде б.з. д. 792 жылдан басталып, Тан әулетінің билік құрған кезеңіне дейін жататын 70-тен астам жазу бар. Олар бұл үңгірдің ежелгі дәуірден бастап белгілі орын болғандығын көрсетеді.
Шкоцян үңгірі (Словения)
Шкоцян үңгірі (Skocjan Caves) — өзен арқылы пайда болған әлемге әйгілі үңгірлер жүйесі. Ол өзінің әртүрлілігімен және ерекше әрі қорқынышты әлемімен таңқалдырады. Мұнда планетаның ең терең каньоны және Еуропадағы ең үлкен гроттардың бірі – Мартель залы орналасқан. Сонымен қатар, онда 30-дан астам жерасты сарқырамалары, ағысы қатты өзен, көптеген шұңқырлар мен қуыстар бар. Жыл сайын Шкоцян үңгірлеріне әлемнің түкпір-түкпірінен 90 000-ға жуық турист келеді.
Айсризенвельт үңгірі (Австрия)
Әлемдегі ең үлкен мұзды үңгір — Айсрисенвельт (Eisriesenwelt) Зальцбургтен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның тереңдігі 42 шақырымды құрайды. Үңгірдің ішінен мыңдаған жылдар бойы табиғат жасаған таңғажайып мұз мүсіндерін көруге болады.
Туристер жазда да үңгір температурасы 0°C-тан аспайтынын есте ұстауы керек.
Бенагил теңіз үңгірі (Португалия)
Әлемдегі ең танымал, ең көп адам барған және ең көп суретке түсірілген теңіз үңгірлерінің бірі — Бенагил. Ол әсем Алгарве жағалауында орналасқан. Оның аркалары, көз секілді тесіктері бар. Осы көздер арқылы ішіне күн сәулесі еніп, суы жарқырайды. Бенагил теңіз үңгіріне барудың өзі қызықты. Өйткені, оған тек су арқылы жетуге болады.
Бенагил үңгіріне баруға ең ыңғайлы уақыт – көктем мен күз.
Ватнайекюдль мұздығының үңгірлері (Исландия)
Ватнайекюдль мұздығының үңгірлері (Vatnajokull) — Еуропадағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Олар сұлулығы және ерекше рельефтерімен таңқалдырады. Бірақ, оларды тек қыста — қарашадан наурызға дейін көруге болады. Себебі, бұл таңғажайып мұз үңгірлері суық айларда температура төмендеп, жазғы жылудан кейін мұздықтың суы қата бастағанда пайда болады.
Үңгір және бассейн (Канада)
Cave and Basin – Канаданың Банф қаласының маңындағы ұлттық тарихи орын. Ол Қара таудың баурайында орналасқан және әртүрлі деңгейлерде орналасқан тоғыз ыстық су көздерінен тұрады. Олардың ең төменгі жағында бассейні бар жалғыз үңгір орналасқан. Бұл қызықты тарихы бар ерекше орын.
Туристер ыстық бұлақтар шығаратын ерекше иіске және жүзуге тыйым салуға дайын болуы керек. Бұл жерде жойылу қаупінде тұрған ұлулар (Physella johnsoni) өмір сүреді. Олар Канада заңымен қорғалған. Ал, ыстық бұлақтарда шомылу олардың жұмыртқаларына зиян тигізеді. Сондықтан бұл заңды бұзғандарға 75000 доллар айыппұл немесе бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
"Кансай" – әлемдегі ТЕҢІЗ БЕТІНЕ САЛЫНҒАН алғашқы әуежай