Кәсіппен айналысуға ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ елдер

0
2 777

Бизнеспен айналысуға шекара кедергі емес.


Кәсіппен айналысуға ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ елдер

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі уақытта көптеген адам өз кәсібін бастап жатыр. Тіпті, олардың біразы көп уақыт өтпей жатып-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Мүмкін сіздің де ойыңызда бинеске араласу бар шығар. Сондықтан, бүгінгі мақала сізге пайдалы болады деп ойлаймыз.


Бизнесті бастау, сәтті жүргізу немесе инвестиция салу үшін елді таңдау көптеген факторларға байланысты. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер ең алдымен, шетелдік және жергілікті кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға, салық жүйесіне, сауда еркіндігіне, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейіне, инфрақұрылымның сапасына, саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікке, технологиялар мен инновациялардың дамуына, еңбек нарығының жай-күйіне және жұмыс күшінің біліктілігіне назар аударады. Сондай-ақ, бизнесті жүргізуге мемлекеттің климаты, жергілікті тұрғындардың менталитеті және басқа да әлеуметтік көрсеткіштер маңызды. Сондықтан, бизнес бастайтын адам беделді халықаралық ұйымдар мен басылымдар жариялайтын бизнес үшін ең қолайлы елдердің рейтингімен танысқаны жөн. Осы орайда беделді ұйымар жасаған талдауларға сәйкес, бизнеске ең тиімді елдердің тізімін ұсынып отырмыз.


Әлемдегі бизнес үшін ең қолайлы ел – Ұлыбритания. Бүгінде британдық экономиканың инвестициялық тартымдылығы тек нығайып келеді. Doing Business агенттігінің дерегі бойынша, әлемнің 190 елінің арасында бизнесті ашудың жеңілдігі бойынша Ұлыбритания 8-ші орында, ал Еуропада 3-ші орында тұр.

Скандинавиядағы бизнеске ең тиімді 10 елдің көшбасшысы-Швеция. Doing Business есебінде мемлекет 10-шы орында тұр. Мұндағы инвестиция салуға ең тиімді сала – Ақпараттық технологиялар мен инновациялар. Стокгольм стартап-компанияларды іске қосу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады. Елде ашық экономика, ашық заңдар және өте кәсіби жұмыс күші бар.


Гонконг - Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең жақсы дамыған автономды аймағы. Онда мыңдаған ірі халықаралық компаниялар орналасқан және табысты инвестициялау үшін барлық жағдайлар жасалған. Doing Business есебінде 3-ші орында. Бұл Азияның ғана емес, әлемнің маңызды қаржылық және логистикалық орталығы. Еркін экономика, тиімді салық жүйесі, инвесторларды қорғау және басқа да көптеген жағымды әсерлер Гонконгты бизнес жүргізу үшін ең тиімді орындардың біріне айналдырды.

Нидерланды жыл сайын тұрақты өсімді көрсететін экономикасы бойынша Еуропалық Одақта алтыншы орынға ие. Ыңғайлы географиялық орналасуы мен тамаша инфрақұрылымы голландиялық кәсіпкерлерге әлемнің дамыған елдерімен белсенді сауда жасауға мүмкіндік береді. Doing Business рейтингінде Нидерланды 42-ші орында тұрғанымен, шетелдіктер жергілікті компанияларға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына ауқымды инвестиция салып келеді.


Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша Жаңа Зеландия бизнес жүргізу үшін ең тартымды елдердің бірі болып саналады. Doing Business есебінде бұл мемлекет 1-ші орынға жайғасқан. Жаңа Зеландияда бизнес-иммиграцияны шетелдік кәсіпкерлерге арналған арнайы бағдарламалардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Негізгі талаптар инвестиция мөлшерімен және бизнесті жүргізу тәжірибесіне байланысты. Жаңа Зеландияда билік тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық пен әкімшілік қысым барынша қадағаланады.


Doing Business зерттеуі Канаданы 23-ші орынға қояды. Бірақ, бұл елде қуатты экономика және өте мол табиғи ресурстар бар. Канада экспортының шамамен 75%-ы Америка Құрама Штаттарына тиесілі. Сондықтан бұл мемлекеттің әл-ауқаты саудаға байланысты. Жаңа Зеландиядағы сияқты Канадада шетелдік кәсіпкерлер үшін құрылған тиімді иммиграциялық бағдарламалар бар.

Скандинавияның бизнеске арналған ең қолайлы елдер тізіміндегі екінші өкілі - Дания. Doing Business рейтингінде мемлекет 4-ші орынға ие болса, Еуропада көш бастап тұр. Шамамен 5,8 миллион халқы бар шағын ел тек кәсіпкерлік қызмет үшін ғана емес, өмір сүру үшін де тамаша таңдау. Жоғары әлеуметтік стандарттардың, дамыған экономиканың және қолайлы заңдардың арқасында Дания әлемдегі ең бақытты елдердің бірі болып саналады.


Doing Business рейтингінде Сингапур Жаңа Зеландиядан кейін екінші орында. Бұл ел өте қолайлы инвестициялық климаты, салық мөлшерінің төмендігі, инфрақұрылым және дамыған экономикасымен ерекшеленеді. Қаржы, Ақпараттық технологиялар және туризм саласы ерекше назарға алынған. Көптеген зерттеулерге сәйкес, бұл – әлемдегі ең қымбат жер. Соның өзінде Сингапур мыңдаған кәсіпкерлерге ғана емес, осында жұмыс істегісі келетін қарапайым еңбек мигранттарының да арманы.


Көптеген жылдар бойы Австралия тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізді. Бұл прогрестің негізгі драйвері - сауда, ғылыми-зерттеу және инновациялық сектор. Doing Business есебінде ел 14-ші орында. Австралияның бизнесті жүргізуге ең тиімді тұсы – тиімді салық жүйесі және ауыл шаруашылығынан бастап ақпараттық технологияларға дейінгі инвестициялау бағыттарының көптігі.


Швейцарияда, яғни әдемі, гүлденген, тыныш және әлемдегі ең бай елдердің бірінде бизнес ашу – әлемнің әр түкпіріндегі мыңдаған кәсіпкерлердің арманы. Doing Business есебінде бұл мемлекет 36-шы орынға ие болды. Дегенмен, бұл елде өмір сүру деңгейі өте жоғары, құқықтық жүйесі ашық және экономикасы дамыған. Үкіметтің сауатты әрекеттері жергілікті валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді және Швейцарияның қаржы жүйесін қорғайды.

Бизнес жүргізу қолайлылығы бойынша жасалған әлемдік рейтингте ең ірі экономикалардың иелері АҚШ пен Қытай 17-ші және 49-шы және Ресей 55-ші орындарға жайғасқан. Ал, 161 елдің ішінде Қазақстан 65-ші сатыда тұр. Дегенмен, соңғы бірнеше жылдың ішінде елімізде кәсіпкерлік саласына көрсетілетін қолдау едәуір көбейді. Іс бастағысы келетін ел азаматтары кәсіптік білім алып, қайтарымсызгранттарға, аз пайыздық несиелерге ие болып жатыр. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыыстар алдағы жылдары да жалғаса бермек.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Гүлденген Афинадан Аяз Ата қаласына дейін: Қысқы саяхатқа арналған 7 қала


Қысқы демалыстың артықшылықтары ӨТЕ КӨП!