​Қонақүйдің жұлдызында көп "құпия" бар

0
3 497

Шетелге барайын деп отырсыз. Қонақүй таңдау керек. Қалай болады? Бағасынақарайсыз ба әлде жұлдыз санына ма? Жұлдыз саны көп болған сайын, ондағы сапа мен бағаның да жоғарылай түсетіні түсінікті. Алайда, әрбір жұлдызға белгілі бір қызмет түрі телінетінін білуші ме едіңіз?


​Қонақүйдің жұлдызында көп

фото: hotelmaster.ru

Шетелге барайын деп отырсыз. Қонақүй таңдау керек. Қалай болады? Бағасынақарайсыз ба әлде жұлдыз санына ма? Жұлдыз саны көп болған сайын, ондағы сапа мен бағаның да жоғарылай түсетіні түсінікті. Алайда, әрбір жұлдызға белгілі бір қызмет түрі телінетінін білуші ме едіңіз?

Бір жұлдыз — Түнеп шығу орны

Мұндағы барлық бөлмелер бірдей болып келеді. Әр бөлмеге кереует, орындық, айна, тумбочка, шкаф және сабын қойылады. Жеке душ бөлмесі болуы міндетті емес. Холда орналасқан теледидар мен телефон — жалпыға ортақ. Қонақтарға қызмет көрсету, бөлмені тазалау қарастырылмайды.

фото: hittravel.ru

Екі жұлдыз — Үнемді нұсқа

Мұндағы бөлмелер екі типті болады. Алғашқысы — біржұлдызды қонақүйдегідей орындар. Екінші типтегі қымбатырақ орындарға күнделікті тазалық қызметі, жеке душ қосылады. Тағы бір артықшылығы — қонақүй бары, таңғы ас және лифт.

фото: виа-лето.рф

Үш жұлдыз — Ортаңғы класс

Мұндай қонақүй орындарында бірнеше тип болады — бір бөлмелі, екі бөлмелі, т.с.с. Таңдау еркіндігі өз құзырыңызда. Стандартты қызмет көрсету үлгісі — күнделікті тазалау, жеке душ бөлмесі, теледидар, мини-бар немесе тоңазытқыш. Қонақүй аумағында бассейн, жаттығу залы, мейрамхана, ойын-сауық орталығы және ақша айырбастау пункті болады.

фото: kempinski.com

Төрт жұлдыз — Жоғарғы класс

Жоғарыда көрсетілген қонақүйлердегі барлық стандартты қызмет түрлерін көрсетеді. Артықшылығы — бөлмені күнделікті 2 мезгіл тазалау, спа, массаж сынды арнайы қызмет түрлері, бірнеше бар мен мейрамханалардың болуы. Әр нөмір бөлмесінде телефон, мини-бар, сейф, шаш кептіргіш, халат, косметикалық керек-жарақтар және ортопедиялық матрас болуға тиіс.

фото: voyagehotel.com

Бес жұлдыз — Люкс класс

Мұндай қонақүйде әр бөлме айрықша жабдықталған, жоғарғы дәрежеде қызмет көрсетеді. Жолжүгін жеткізу, мезгілдік тамақтандыру, швейцар, бассейн, спутникті телеқаралым, фитнес-клуб, спа-салон, балалар ойын алаңы және басқа да таңдаулы қызмет түрлерін ұсынады. Гольф-клуб, тікұшақ алаңы, әр апартаментке жеке қызметші секілді эксклюзивті қызмет алуға да мүмкіндік бар.

Жұлдыз — қонақүйлер классификациясында қолданылатын ең кең таралған белгі. Бүгінде әлемнің көптеген елдері осы белгі бойынша қалыптасқан стандартты қолданады. Айталық, Аустрия, Бельгия, Чехия, Дания, Германия, Эстония, Грекия, Венгрия, Латвия, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Швеция және Швейцария. Яғни, осы елдердегі кез келген қонақүйдің жұлдыз санына қарап онда көрсетілетін қызмет деңгейін болжамдауға болады. Және бұл — сенімді белгілер.

Енді бір елдер бұл жүйеге бағынбайды немесе жарнама үшін аздап ауытқиды. Айталық, Канада мен АҚШ-та жұлдыз орнына гауһар тас, Ұлыбританияда тәж бейнесі, Грекияда әріптер қолданылады. Дегенмен, олардың барлығы жұлдыздық жүйедегі деңгейлермен сәйкес келеді.

Қонақүй маңдайшасындағы жұлдыз санына сенуге болмайтын елдер де бар.

Мәселен, Түркия. Ондағы қонақүйлер үш типке бөлінеді — клубтық мейманхана, әдеттегі мейманхана және туристік ауыл. Туристік ауылдардағы қызмет көрсету деңгейі түрліше болып келеді, алайда, барлығы орташадан төмен. Онда табиғатқа етене жақындық пен тарихи-мәдени құндылықтарға баса мән беріледі. Клубтық мейманха — үлкен аумақты алады және онда барлық жайлылық қарастырылған. Рейтингі — үш жұлдыздан жоғары. Ал, әдеттегі қонақүйлерде көрсетілетін қызмет түрі жұлдыз белгісіне сай келмеуі әбден мүмкін.

Мысыр да халықаралық қонақүй классификациясына бағынбайтын ел. Жарнама мен жоғары баға үшін маңдайшасына бес жұлдыз бірдей жапсырылған қарапайым қонақүйлер жиі кездеседі.

Италияда да қонақүйлерді деңгейлеріне сәйкес топтастыру жүйесі жолға қойылмаған. Елдегі 20 әкімшілік аймақтың әрқайсысының өз қалыптасырған «жүйесі» бар, неше жұлдыз иеленемін десе де өздері біледі.

Ал, Испанияға барар болсаңыз, ондағы қонақүйлердің жұлдыз санына емес, атауына мән беріңіз. Ондағы:

Рефухио — түнеп шығуға ғана арналған орын;

Фонда — кішігірім қонақүйлер тобы;

Пенсионес — ауылдық қонақүй немесе рейтінгін жоғалтқан бұрынғы қымбат мейманхана;

Парадорес — көне қамал немесе атақты жекежай аумағында орналасқан қымбат мейманхана.

Байқағаныңыздай, жарнамадағы не қонақүй маңдайшасындағы жұлдыздар санына риясыз сенуге болмайды. Ең дұрысы — қонақүй қызметкерімен тілдесу. Сонда нақты қандай қызмет түрлерін ұсынатыны, жеңілдіктер жайлы толық біле аласыз. Содан соң неше жұлдызға бағалайтыныңызды өзіңіз шеше жатарсыз.

А.Бектұрғанова

ERNUR.KZ