Жиі кездесетін қателіктің бірі – күні бойы жорық кезінде киген киіммен ұйықтау.
Сурет: ЖИ
Тамыз – жорыққа шығуға қолайлы айдың бірі. Ауа райы әлі де жайлы, ал шыбын-шіркей мен маса азая бастайды. Дегенмен бұл айда табиғаттың күзге дайындала бастайтынын ескерген жөн. Күн батқаннан кейін ауа температурасы күрт төмендеп, таңға қарай +8…+10 °C-қа дейін түсуі мүмкін. Ал ойпаң жерлерде, өзен-көлдердің маңында одан да салқын болады.
Мұндай температура айырмасын жорыққа жиналған кезде міндетті түрде ескерген дұрыс. Тамызда табиғат аясына жорыққа шығып, далада ұйықтап, таңертең құстардың әнімен ояну үшін өзіңізбен не алған жөн екенін қарастырайық.
Ұйықтайтын қапты дұрыс таңдаңыз
Ең алдымен ұйықтайтын қапқа назар аударған жөн. Түннің жайлы өтуіне киімді қабат-қабат қып киюден гөрі, дұрыс таңдалған ұйықтайтын қап көбірек әсер етеді.
Ұйықтайтын қап өндірушілері оның сыртында белгілі бір температура аралығын көрсетеді. Әдетте онда үш немесе төрт көрсеткіш болады. Әдетте, біріншісі – адам өзін жайлы сезінетін ең жоғары температура, жайлылықтың төменгі шегі болады. Кейде ер адам мен әйел адамға арналған орташа көрсеткіштер бөлек беріледі. Соңғысы – экстремалды температура, яғни адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей түнеуге болатын ең төменгі температура.
Ең дұрысы – жайлылық температурасын бағдарға алу. Бұл – адамдардың басым бөлігі суықтан оянбай ұйықтай алатын көрсеткіш.
Егер ауа райы болжамында түнде +8…+10 °C болады делінсе, жайлылық температурасы шамамен +5 °C болатын ұйықтайтын қап алған дұрыс. Өйткені ауа райы өзгеріп кетуі мүмкін. Сондай-ақ ылғалды ойпаң жерлерде немесе су айдынының жағасында сезілетін температура метеоболжамда көрсетілгеннен төмен болуы ықтимал.
Тағы бір маңызды ереже бар: ұйықтайтын қап қанша жылы болғанымен, оның ішіне дымқыл киіммен жатсаңыз, тиімділігі төмендейді. Сондықтан ұйықтар алдында құрғақ термо-ішкиімге немесе тек түнеуге арналған арнайы киім жиынтығына ауысқан дұрыс.
Жорыққа арналған төсенішті ұмытпаңыз
Тіпті ең жылы деген ұйықтайтын қаптың өзі суық жердің үстінде жатсаңыз, денені толық жылыта алмайды. Себебі оның ішіндегі жылу оқшаулағыш материал көлемін сақтаған кезде ғана тиімді жұмыс істейді. Адамның салмағынан ол сығылып, төменгі жағындағы жылу оқшаулағыш қасиеті іс жүзінде әлсірейді.
Дене мен суық топырақтың арасындағы негізгі қорғаныс – жорыққа арналған төсеніш. Жазғы жорықтарға көп адам қарапайым көбік төсеніштерді пайдаланады. Бірақ тауда, дымқыл жерде түнеу жоспарланса немесе түн сақын болса, өздігінен үрленетін немесе үрлемелі төсеніштерге назар аударған жөн.
Мұндай төсенішті таңдағанда «R-value» көрсеткішіне мән беріңіз. Ол төсеніштің жылуды қаншалықты жақсы сақтайтынын көрсетеді. Тамыздағы жорық үшін әдетте R-value көрсеткіші шамамен 2–4 болатын модельдер жеткілікті. Егер түн ерекше суық болады деп күтілсе немесе тауға шығуды жоспарласаңыз, жылу оқшаулауы жоғарырақ нұсқаны таңдаған дұрыс.
Ұйықтауға киім жиынтығын бөлек дайындаңыз
Жиі кездесетін қателіктің бірі – күні бойы жорық кезінде киген киіммен ұйықтау. Киім құрғақ сияқты көрінгенімен, мата терді және ауадағы ылғалды сіңіріп алуы мүмкін. Қозғалысты тоқтатқан кезде бұл ылғал денені салқындатып, жылынуды қиындатады.
Сондықтан тәжірибелі туристер әдетте тек түнде киетін бөлек киім жиынтығын алады. Бұл термо-ішкиім немесе синтетикалық матадан не меринос жүнінен тігілген жеңіл шалбар мен лонгслив болуы мүмкін. Ең бастысы, бұл киім кешке дейін құрғақ күйінде сақталуы керек. Егер түн суық болады деп күтілсе, жиынтыққа жылы шұлық қосыңыз.
Баскиімді де ұмытпаңыз. Дене жылуды ашық қалған кез келген бөлігінен жоғалтады. Сондықтан түнде температура төмендеп, жел соқса, жеңіл бас киім немесе бафф өзіңізді жайлы сезінуге көмектеседі.
Бірден барлық жылы киімді үсті-үстіне киіп алуға болмайды. Егер денеңіз қызып кетсе, терлей бастайсыз. Киім дымқылданып, біраз уақыттан кейін қайта тоңуыңыз мүмкін. Сондықтан денеге жылу беретін, бірақ шамадан тыс ыстықтатпайтын киім таңдаған дұрыс.
Тағы не көмектеседі?
Кейде жылуды сезіну тек жабдыққа емес, ұйықтар алдындағы әрекетке де байланысты болады.
- Мысалы, ашқарынға ұйықтауға жатпаған жөн. Ұйқы кезінде де ағза жылу өндіруді жалғастырады, ал оған энергия қажет. Құнарлы әрі ыстық кешкі ас – ботқа, макарон, бұқтырылған ет қосылған жарма немесе басқа да тойымды тағам салқын түнді жеңіл өткізуге көмектеседі.
- Бір кесе ыстық шай ішуге де болады. Бірақ сұйықтықты шамадан тыс ішпеген жөн. Ұйықтар алдында тым көп сұйықтық ішсеңіз, жылы ұйықтайтын қаптан бірнеше рет шығуға тура келуі мүмкін.
- Тағы бір қарапайым әдіс – берік пластик бөтелкеге ыстық, бірақ қайнамаған су құйып, қақпағын мықтап жауып, ұйықтардан 10–15 минут бұрын ұйықтайтын қаптың ішіне салып қою. Мұндай қолдан жасалған жылытқыш оның ішін жылытып алуға жеткілікті. Бастысы, бөтелкенің қақпағы мықтап жабылғанына және су ақпайтынына көз жеткізу.
- Бұған арнайы жылытқыштарды да пайдалануға болады. Кейбір модельдер USB арқылы жұмыс істейді, яғни оларды пайдалану үшін қуаты жеткілікті пауэрбанк қажет.
- Тағы бір нұсқа – химиялық жылытқыштар. Олар жеңіл, салмағы аз, түріне қарай 10 сағатқа дейін жылу сақтай алады және су мен электр қуатын қажет етпейді. Жылу химиялық реакция нәтижесінде бөлінеді. Мұндай жылытқыштардың кейбірі бір рет қолдануға арналған. Ал тұзды жылытқыштарды бірнеше рет пайдалануға болады.
Тамыздағы түндер тіпті тәжірибелі туристерге де тосынсый жасауы мүмкін. Бірақ бұл рюкзакты қажетсіз жылы киіммен толтыру керек деген сөз емес.
Жорық алдында тек күндізгі уақытты емес, түнгі ауа райы болжамын да қарап шығыңыз. Егер маршрут таулы аймаққа немесе ірі су айдындарына жақын болса, мұндай жерлерде температура елдімекенге арналған ауа райы болжамы көрсеткішінен әлдеқайда суық болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Түнде суықпен арпалыспай, жақсы ұйықтай алған турист жорықтан әлдеқайда көп ләззат алады.
Аударған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


