«Наркоман да, алкоман да – бәле-бәтердің бәрі осы маңда жүреді» - дейді тұрғындар.
21 шілде күні Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты «МЖК» деп аталып кеткен шағынаудандағы қараусыз нысаннан 3 жасар бүлдіршіннің өлі денесі табылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осы жағдайға байланысты ERNUR.KZ ақпараттық порталының тілшісі оқиға болған көшенің жағдайымен арнайы танысып, тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
«Мына учаскені 5-6 адам сатып алып, қайта сатып жүрді, қазір кімдікі екенін білмеймін. Бұл жерде талай бәле болып жатыр. Өзім осы көшеде 12 жылдан бері тұрам, сол кезден бастап әкімшіліктегілерге егесін тауып құртыңдар, тазалаңдар деп, қақсап біттік. Бірақ, ешқандай шара қолданбады. Наркоман да, алкоман да – бәле-бәтердің бәрі осы маңда жүреді. Халыққа тыныштық жоқ. Бұл жерге жауапты тәртіп сақшылары аралап, қарап жүрмей ма?! Олар осындай оқиғалардан кейін шамалы жүреді де, артынан тым-тырыс бола қалады. Әл-Фараби ауданының әкімшілігі шара қолданбаса болмайды. Керек болса көшедегі тұрғындар жиналып арыз жазамыз», - дейді қылмыс тіркелген «Застенная» көшесінің қариясы Бүркітбай Керімбек.
Ал, жергілікті тұрғын Райхан Ақылбекқызы немерелерін далаға шығаруға қорқып өмір сүретінін айтып көзіне жас алып қалды.
«Біздің үйдің маңы кәдімгідей «проходной двор» болды. Мына жердегі адам тұрмайтын үйдің жанында жатқан талай мас адамдарды өзім тұрғызып жібердім. Ал, кешегі оқиға болған жерге бәрі қоқысын, өлген малын апарып тастайды. Ондай жерде жататын нашақорлар болмаса араққұмарлар оңатын ба еді?! Егесі соны ойлап, қорқынышты бетондарын құлатып, ашып тастаса немесе жерін қоршап, тазалап қойса мұндай жағдай орын алмас еді ғой. Оның үстіне бұл осы маңда орын алған бірінші оқиға емес. Менің де немерелерім бар, қазір есіктің алдынан әрі асырып жіберуге қорқамыз. Бірақ, олар да көшеге шығып ойнағысы келеді. «Квартирадан – квартираға көшіп жүріп жеткен үйім осы болды ма? Сатамыз!», - деп түнімен жылап шықтым», - деді көзіне жас алып.
«Застенная» көшесі тұрғындарының айтуынша, бұл жерге нашақорлар, араққұмарлар мен бұзақылар «Забадам», «Залиния», «Чапаевка» деген жерлерден қаңғырып келеді екен. Сонымен қатар, осындай қараусыз қалған немесе адамдардың көзінен таса, қараңғы жерлерді мекендейтін көрінеді. Бүркітбай ақсақал репортаж барысында сондай орындардың бірнешеуімен таныстырды.
Қараусыз қалған осындай жерлерге келетін қаңғыбастар мен араққұмарлар айналасын қоқысқа толтырып, арасында өртеп те жіберетін көрінеді.
"Қаңғыбастар мен араққұмарлар осындай бұрыштарда отырады" дейді тұрғындар.
Бұл жерді тұрғындар түнде "қаңғыбастар" жүретін саябақ деп атап кеткен. Мұнда кішкентай бала түгілі ересектер адамдардың өздері жүруге қорқады екен.
Шағынаудандағы мына бір ауланың алаңшасында балаларды ойнату мүмкін емес секілді. Күтім көрмеген аула екені көзге бірден байқалады.
Айта кетейік, осының алдында Шымкент қалалық ПД тергеп-тексеру нәтижесінде «Өлі денесі табылған 3 жасар қыз өз құсығына тұншыққан болуы мүмкін» деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, қыздың туыстары оның зорлықпен өлтірілгеніне сенімді екендіктерін жеткізген еді.