«7-20-25»: Шымкентте өтінімдерді қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
809

Несиелік тұрғын үйлер алуға жалпы 11919 өтінім түскен.


«7-20-25»: Шымкентте өтінімдерді қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Шымкентте Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша несиелік тұрғын үйлер алуға жалпы 11919 өтінім келіп түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев брифинг барысында мәлімдеді.

11 сәуір cағат 09:00 ден 15 сәуір сағат 19:00 аралығында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша жеңілдетілген несиелік тұрғын үйлерге "Shymkent-baspana.kz" сайтында тәулік бойы өтінімдер электронды түрде қабылданған болатын.

“Қазіргі таңда осы 7-20-25 бағдарламасы аясында көптеген қаңғу сөздер мен теріс пікірлер айтылып жүргендігі жасырын емес. Қала тұрғындарын мұндай дәлелсіз шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз. Себебі конкурс толығымен автоматтандырылған портал арқылы жүргізілуде. Тұрғындарға түсіндірмелік жұмыстар жүргізу мақсатында Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасында бұл бойынша азаматтарды қабылдау өткізілді”, - деді басқарма басшысы.

“7-20-25” несиелік бағдарламасына қатысты азаматтар тарапынан қойылған сауалдарға сала мамандарымен Заң аясында тиісті түсіндірмелік ақпараттар берілді. Өтінім беруші азаматтар әр қайссы жекелей қатысу кезектілік ретін көруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар аталған азаматтар тарапынан жазбаша түрде өтініштер қабылданып, ресми тіркеуге алынды. Жазбаша келіп түскен өтінімдер басқарма мамандарымен қарауға алынып, Заң аясында тиісті ресми жауап жолданатын болады. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында осы орайда толығымен автоматтандырылған Shymkent-baspana.kz порталы қолданылуда.
Азаматтардың өтінімдеріне сәйкес пәтерлерді бөлуді аталған портал автоматты түрде өзі жүзеге асырады. Бұл орайда ешқандай адами фактор әсер ете алмайды. Бағдарламаға өтінім берушілерге өтінім берген уақыты және ID нөмірін көруге қолжетімділік қарастырылған. Сондай ақ аталған порталдың толығымен автоматтандырылу жұмыстары цифрландыру басқармасымен жүзеге асырылған. Конкурсқа қатысқан жалпы азаматтардың тізімі Shymkent-baspana.kz порталында жарияланады.

Бұл орайда өтінім берушілердің өтінім беру уақыты, аталған бағдарламаның талап шарттарына сәйкестігі, құжаттарды толық нұсқада жолдауы және кредиттік тарихы маңызды рөл атқармақ.

Ағымдағы жылы 7-20-25 бағдарламасы бойынша азаматтарды баспанамен қамту жұмыстарына сәйкес алдағы уақытта тағы да конкурс өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігі расталған азаматтар жылдық мөлшері 7 пайызды құрайтын, бастапқы жарна 20 пайыз, мерзімі 25 жылға дейін берілетін несиелендіру шарттарымен тұрғын үй алуға болады.

Бүгінгі таңда барлық өтінімдерді қарау жұмыстары жүргізілуде. Алдымен бағдарламаға қатысушы азаматтардың жалпы тізімі "Shymkent-baspana.kz" сайтында жарияланатын болады.

"Shymkent-baspana.kz" сайтына "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша несиелік тұрғын үйлер алуға жалпы 11919 өтінім келіп түсті.

Оның ішінде;

1-бөлмелі пәтерлерге – 3324 өтінім,

2-бөлмелі пәтерлерге - 4592 өтінім,

3-бөлмелі пәтерлерге - 4003 өтінім келіп түскен.