​AGRITECH: ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

0
78

Халықаралық көрмеге қатысқан шетелдік және отандық компаниялар заманауи агрохимиялық өнімдерін, тыңайтқыш түрлерін және өсімдіктерді қорғау технологияларын ұсынды.


​AGRITECH: ЖАҢА СЕРІКТЕСТІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Шымкентте ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі AGRITECH TURKESTAN&GROWTECH SHYMKENT-2025 көрмесі басталды.

Бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында атап өтілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылған. Көрменің ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, іс-шараның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

- Қаламызда екі ірі шетелдік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі түрік инвесторы «Алсерра KZ» компаниясының жылыжай кешені. Жалпы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба 500 гектар аумақта салынып жатыр. Бүгінде 40 гектары дайын, ай соңында алғашқы өнім алу жоспарлануда. Екінші жоба – польшалық «Фабре Агро» компаниясына тиесілі 144 гектар аумақтағы жылыжай кешенінің құрылысы. Осындай ауқымды халықаралық көрменің дәл Шымкент қаласында өтуі заңды құбылыс. Бұл көрме жаңа серіктестіктерге жол ашып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырады деп сенеміз, - деді ол.
Биылғы іс-шараға Түркия, Нидерланд Корольдігі, Қытай, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдерден 80-нен астам жетекші компания қатысуда. Анталия сауда-өнеркәсіп палатасы мен оның құрамындағы 30-дан аса түрік компаниясының делегациясы арнайы келді.
Көрме аясындағы «Шаруа–2025» семинар-конференциясында агросекторды дамыту, фермерлерді қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, экспорттық әлеуетті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Халықаралық көрмеге қатысқан шетелдік және отандық компаниялар заманауи агрохимиялық өнімдерін, тыңайтқыш түрлерін және өсімдіктерді қорғау технологияларын ұсынды. Көрме алаңы агробизнесте тәжірибе алмасу мен жаңа әріптестіктер орнатудың маңызды орталығына айналды.
Бөлісу