​Әйелдер кәсіпкерлігі мен білім сапасы: Шымкентте бизнестің өзекті мәселелері талқыланды

0
103

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдердің салааралық кеңесі бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.


​Әйелдер кәсіпкерлігі мен білім сапасы: Шымкентте бизнестің өзекті мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес қауымдастығы, мемлекеттік органдар мен сарапшылардың басын қосқан семинар өтті.

Жиында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары және жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын заң талаптары кеңінен сөз болды.

Семинарды Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова жүргізді. Ол өз сөзінде бүгінде Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің жартысынан астамын әйелдер басқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкер әйелдер көбіне сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және білім беру салаларында табысты еңбек етіп келеді.
Сабира Адамбекованың айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдердің салааралық кеңесі бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Бүгінде оның құрамында өңірдің 30-дан астам табысты кәсіпкер әйелі бар. Кеңес түрлі бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, соның ішінде жергілікті өндірісті дамытуға және кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да үлес қосып келеді.
Семинардың негізгі спикері – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы Лейла Куленова комитеттің қызметі мен негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндады. Ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында мемлекеттік құрылымдармен бірлескен жұмыстарға ерекше тоқталды.
«Ортақ жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекіткен Цифрлық экономика жағдайындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жол картасының әзірленуі болды. Құжат әйел кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың цифрлық құзыреттерін дамытуға және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Сонымен қатар, комитет Ұлттық экономика министрлігімен Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының қызметін қайта жандандыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде. Тағы бір маңызды бағыт – өңірлердегі Іскер әйелдердің салааралық кеңестерін біртұтас Әйелдер кәсіпкерлігі кеңесіне біріктіру. Бұл кәсіпкер әйелдерді қолдау жұмыстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді», – деді Лейла Куленова.
Спикер Комитет саяси партиялардың әйелдер қанатымен ынтымақтастықты дамытып, экономиканың түрлі салаларындағы әйелдер кәсіпкерлігінің ерекшеліктерін ескеру мақсатында салалық комитеттермен бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.
Семинарда, сонымен қатар, Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Майра Абдираимова мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының білім беру қызметін лицензиялау тәртібіне тоқталды.
«Лицензия алу үшін қойылатын қолданыстағы біліктілік талаптарының қатарына оқу-жұмыс жоспарларының болуы және олардың мемлекеттік талаптарға сәйкестігі, педагогтердің кемінде 75 пайызының негізгі жұмыс орны лицензиат болуы жатады, сонымен қатар, педагогтердің кемінде 20 пайызының (екі топтан кем ұйымдарды қоспағанда) "педагог-модератор", "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" немесе "педагог-шебер" біліктілік санаттарына ие болуы талап етіледі. Және ұйым басшысы мен педагогтердің білімі мен еңбек өтілінің сәйкестігі, оқу-әдістемелік кешендердің, сондай-ақ оқу және ойын материалдарының болуы міндетті», – деді Майра Абдираимова.
Департамент өкілі лицензиялау рәсімінен өту үшін әзірленуі тиіс құжаттар тізіміне де кеңінен тоқталды. Олардың қатарында балабақшадағы әр жас тобына арналған даму жоспарлары, тәрбие-білім беру процесінің циклограммасы, баланың жеке даму картасы, педагогикалық және басшы кадрлармен қамтамасыз етілу туралы мәліметтер, сондай-ақ, оқу, көркем және ғылыми әдебиеттер қорының болуы жөніндегі ақпарат бар.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Семинар кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қатысушыларға бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мүмкіндіктері мен білім беру саласындағы заңнамалық талаптар жөнінде өзекті ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Бөлісу