Аппарат отырысы: өзекті мәселелер қаралды

0
188

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау, құрылыс саласының қазіргі жағдайы және күзгі ағаш егуге дайындық мәселелері қаралды.


Аппарат отырысы: өзекті мәселелер қаралды

ERNUR.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қарсыбек Ертуов қалада фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасып жатқанын баяндады.

Жыл басынан бері «Фитосанитария» РМК зертханасында Шымкент аумағынан экспортталатын карантинге жатқызылған 328 237 тонна өнім тексерілді. Зерттеу нәтижесінде 11 889 фитосанитариялық сертификат рәсімделді.
Сонымен қатар қала аумағына импортталатын карантинге жатқызылған өнімдерге бақылау жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы карантиндік нысандарға ерекше назар аударылуда. Бұл аумақтарда агротехникалық және химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі.
Шегірткелердің таралуын болдырмауға да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 382 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді.
Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов құрылыс саласындағы бақылау нәтижелері және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа Құрылыс кодексінің талаптары туралы баяндады.
Жаңа нормаларға сәйкес, мемлекеттік құрылыс инспекторлары нысандарды пайдалануға қабылдау жұмыстарына қатысады. Ал тиісті рұқсатсыз немесе талаптарды бұза отырып салынып жатқан нысандар туралы ақпарат уәкілетті органдарға жолданады.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына және нысандардың қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуына бақылау күшейтіледі.
Есепті кезеңде 132 құрылыс нысаны тексеріліп, 314 хаттама толтырылды. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 78,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде заңсыз құрылыс, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды бұзу және үлестік қатысу саласындағы заң бұзушылықтар бар.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар Шымкенттің жасыл белдеуін дамыту және мемлекеттік орман қоры аумақтарын кеңейту жұмысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, «Жасыл белдеу» КММ-не бекітілген жер учаскелерінің жалпы аумағы 8 772,6 гектарды құрайды. Оның 5 307,7 гектары – мемлекеттік орман қорына, ал 3 464,9 гектары жасыл белдеуге тиесілі. 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысынан мемлекеттік орман қорының 3 578,57 гектар жері мекеме балансына берілді.
Көгалдандыру жұмысы жыл сайын жүргізіліп келеді. 2023 жылы 36 гектар аумаққа – 60 мың көшет, 2024 жылы 186 гектарға – 130 мың көшет, 2025 жылы 54 гектарға 40 мың көшет егілген. Биыл күзде 120 гектар аумаққа тағы 100 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі карантиндік және құрылыс талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, күзгі ағаш егу жұмысына уақтылы әрі сапалы дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.