Азаматтық қорғау органдарына биыл 30 жыл толды.
ERNUR.KZ. “Қызғалдақ” сарайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев азаматтық қорғау қызметтерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
Азаматтық қорғау органдарына биыл 30 жыл толды. Қала әкімі атаулы мерекенің маңызы зор екенін, соңғы жылдары қалалық төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін ең басты міндет – құтқару, көмектесу, қорғау, яғни, өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Сол себепті де салаға ерекше назар аударылып отыр. Қала әкімдігі тарапынан азаматтық қорғау саласына жеткілікті қолдау көрсетілуде.
Іс-шарада қала әкімі азаматтық қорғау органдарында табанды еңбек, қажыр-қайрат көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттарды табыс етті. Сондай-ақ, қала әкімінің атынан Төтенше жағдайлар департаментіне арнайы автокөлік берілді.
Мерекелік жиында Қуанар Бекенұлы да сала қызметкерлерін, еңбек ардагерлерін министрліктің Құрмет грамотасымен, Департамент бастығының Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, азаматтық қорғау қызметтерінің 30 жылдығына арналған бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиын одан әрі мерекекелік концертке ұласты.