Бала асырап алуға көмектесетін арнайы агенттіктің тұсаукесері Шымкент қаласында өтті

0
4 142

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің психологтары мен мамандары асырап алынған бала тәрбиесі мен конфликтті жағдайларды шешу бойынша психологиялық тәжірибелер туралы баяндады. Асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен ата-аналар да өз тәжірибесімен және бүгінгі жағдайларымен бөлісті.


Бала асырап алуға көмектесетін арнайы агенттіктің тұсаукесері Шымкент қаласында өтті

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік Шымкент қаласында бала асырап алушы ата-аналар мектебінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің жұмысы 2016 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры шеңберінде басталған болатын. Бүгінде аталмыш агенттік талай балалардың ата-ана мейірімі мен отбасы жылуын сезінуіне себеп болып отыр. Яғни, агенттікте бала асырап алуға ниетті ата-аналарға 3 айдан астам уақыт арнайы тренингтерден өтеді.

Бұл бала асырап алушы ата-аналар мектебінің басты мақсаты - үміткер ата-аналарды бала асырап алуға дайындау, қажетті барлық ақпаратты беру, дағдыларды үйрету, маңызды сұрақтарға жауап табуға және өздерінің мүмкіндіктері мен шектеулерін түсінуге көмектеседі.

Ұлттық бала асырап алу агенттігінің мамандарынан барлығы 9743 азамат кеңес алған. Ал 1765 отбасы асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен екен. Агенттіктің ықпалымен 795 отбасы 1153 бала асырап алған.

Дегенмен, бала асырап алғандар тарапынан балаларды қайтару фактісі де орын алып жатады.

Ресейде баланы қайтару жағдайы 10 пайызды көрсетке, Европада 8 пайызы бір отбасынан екіншісіне өтеді екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш орташа есеппен 18 пайызды құрайды.

Тіпті, Ұлттық бала асырап алу жөніндегі агенттікте 3 айдан астам уақыт тәлім алған отбасыларда да мұндай жағдай болған екен. Қазір, арнайы мектепте тәлім алып, алайда баланы қайтарғандардың саны 30-дан асыпты.

Шымкент қаласының тұрғыны Светлана Темірбекова дәл осы бала асырап алу жөніндегі агенттікте 3 айдан астам уақыт білім алғандардың бірі.

«Мен 2014 жылы бала асырап алу жөнінде құжаттарымды тапсырдым. Бала асырап алуға ниетті кандидаттар кем болғандықтан, баланы үйіме қабылдау жөнінде тағы да 2017 жылы өтініш жаздым. Сонымен, 2017 жылы 11 жасар Дастанды кездестірдім. Ол ересек адам болып қалыптасып жатқандықтан, 2 жылдан кейін өтпелі кезеңі басталатыны белгілі болды. Оны ары қарай қалай жетелеймін деген қорқыныш пайда болды. Осындай балаларды асырап алушы ата-аналар мектебінің бар екендігін естідім. Ол жерде баламен қалай қарым-қатынас жасау керек, қалай сөйлесу керек,ең бастысы, балалардың сезімін сезіне білуді үйрендім. Баламды өз қамқорлығыма алғаныма 3 жыл болды, Аллаға шүкір. Әлі күнге дейін адаптация жүріп жатыр. Балам жақсы, ол қазір менің оң қолым. Ол үйде жалғыз бала болғандықтан, қасына серік болсын деп 2019 жылы 4 бала асырап алдым. Үлкен баламның бұзықтық істеуге уақыты жоқ. Азанда тренировкасына барады, түсте сабағына, қарындастарын қосымшаға алып барады.», - дейді Светлана Темірбекова.

«Балалар үйі дүкен емес. Қызды алам, ұлды алам демейсің. Өзіңе, жүрегіңе қайссы жақын сезіледі соны қабылдайсың. Аллаға шүкір, осы 5 баламды өсіріп келе жатырмыз."- деген көпбалалы ана Дастан есімді ұлымен алғашқы кездескен сәтін баяндап берді.

«2017 жылы маған 5 бала көрсетті. Балалар үйінде сен балаларды емес, олар сені таңдайды. Сондағы екі бала қазақ отбасына бармаймын деп бас тартты. Ал, бірі "Мен барамын, егер телефон алып берсе"-деп шарт қойды. Ол шантаж дедім. Осы Дастан есімді ұлым "менің анашым" деп қасыма жақындады. Мен де қуана бауырыма бастым.",- дейді Дастанның анасы.