БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БОКСТАН ТУРНИР ӨТТІ

0
79

Бұл іс-шаралар жастар арасында спорт пен патриоттық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ жас таланттарды анықтап, оларды үлкен спортқа дайындауға бағытталған.


БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БОКСТАН ТУРНИР ӨТТІ

Шымкент қаласында 11–14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бокстан ауқымды ашық біріншілік өтті. Бұл спорттық сайыс еліміздің мақтанышы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановтың даңқты есіміне арналды. Іс-шара «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалына қарасты «Мирас» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында өткізілді.

Турнирдің басты мақсаты жастарды салауатты өмір салтына және спортқа белсенді түрде баулу болды. Сонымен қатар, жас спортшылардың бойында патриоттық рухты, жеңіске деген жігерді қалыптастыру, әрі қазақ спортындағы даңқты тұлғалардың өмір жолын үлгі ету көзделді.

Жасөспірімдер арасындағы мұндай жарыстардың Бекзат Саттарханов сынды батырлардың есімімен байланыстырылуы, спорттық жетістіктерді ұлттық құндылықтармен ұштастырады.

Жарыстың ашылу салтанатына бірқатар құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары – Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі – Лазиз Сулайманов, Қаратау аудандық партия филиалының төрағасы – Данияр Омаров бар.

Құттықтау сөз сөйлеген Ербол Байқонысов спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше және алмастырылмайтын рөлін атап өтті:

«Бүгінгі турнир – тек жарыс емес, бұл – елінің намысын қорғаған ұлыларға тағзым етудің бір көрінісі. Бекзат Саттарханов сынды батыр ұлдарымыздың ерлігі мен еңбегі жастарға үлкен өнеге. Спорт – тәртіп пен рухтың мектебі, сондықтан да біз жас буынды салауатты өмір салтына баулуға әрдайым қолдау көрсетеміз,» – деді ол.

Тартысты өткен жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен және ерекше шеберлігімен көзге түскен жас спортшылар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Жеңімпаздарға «AMANAT» партиясының атынан арнайы алғыс хаттар мен медальдар салтанатты түрде табыс етілді.

Партия өкілдері мұндай турнирлердің алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді. Бұл іс-шаралар жастар арасында спорт пен патриоттық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ жас таланттарды анықтап, оларды үлкен спортқа дайындауға бағытталған.

Бөлісу