Биыл Шымкентте “Қамқор” бағдарламасы аясында 400 азамат баспаналы болады

0
429

Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.


Биыл Шымкентте  “Қамқор” бағдарламасы аясында 400 азамат баспаналы болады

ERNUR.KZ. Биылғы жылға Шымкент қаласында Қамқор өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд теңге, жалпы сомасы 8 млрд теңге бөлініп, ағымдағы жылы 400 азаматты ипотекалық бағытта несиелендіру көзделуде.

Бұл бойынша Шымкент қалалық әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов мәлімдеді.

Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме-6%, бастапқы жарна 10%, несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.
Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын сала мамандарына арналған. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап бұл санаттар тізбесін Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері толықтырып отыр.
Соынмен қатар, биыл Шымкентте 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда.

Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға, соның ішінде тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек.