Шымкент қаласында болашақта заманауи автотұрақтар салынатын болады.
Иллюстрациялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден алынды
Алдағы уақытта қала тұрғындары үйінде отырып-ақ орталықтағы автотұрақтардан көлігіне орын алып қоя алатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл жайла "Shymkent" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Рашид Аюпов айтты.
"Қаланың орталығындағы "ЦУМ", "Беркеке" сауда орталықтарында, "Мұз айдыны" маңында шлагбауыммен, камерамен, арнайы датчиктарымен автотұрақтар орнатылатын болады. Яғни, үйіңізден шығып бара жатып автотұрақтан орынды брон жасасаңыз, онлайн төлесеңіз болады"- дейді "Shymkent" ӘКК-ның төрағасы Рашид Аюпов.
Ал, Шымкенттегі базарлар мен үлкен көшелердің бойларында ақылы автотұрақ болады. Бірақ, ол жерлерде камера, әлгіндегідей "шлагбаум" болмайды. Себебі, ол автотұрақтарға тұрғындар 1 не жарты сағатқа көлігін қоятын болады. Яғни, жүргізушілер шаруасын бітіргенше автотұрақты қолданады.