Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы айтты.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қалалық полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, оның орынбасары К.Қабылбеков, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Д.Ибраев, қалалық полиция департаментінің бастығы Е.Жумаханбетов пен аталған органның жеке құрамы қатысты.
Кездесуде алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы А.Жұмағали мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, жемқорлық деңгейі жоғары салалардың бірі полиция органдары екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселе бойынша Департамент басшысының орынбасары К.Қабылбеков полиция органдарында орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарға, соның ішінде ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде 17 ұсыну жолданғанын атап, онда жазылған мәліметтерге кеңінен тоқталды. Оған қоса, аталған ұсынуларда пара алу фактілерімен қатар, азаматтардың арыз-шағымдарының қаралу барысы да баяндалып, парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды енгізуге баса назар аударылды.
Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша, полиция қызметінде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсынылды.
Айта кетейік, 2019 жылдың 8 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментімен қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiнде ҚР ҚПК 200-бабына сәйкес мемлекеттік мекемелерге 100 ұсыну жолданса, оның 60-қа жуығы полиция департаментіне жолданған.