​ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТКЕ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

0
191


​ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТКЕ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Вице-министр жұмыссыздықты азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және инновациялық даму бағыттарын талқылау мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Еңбек инспекциясы департаменті, МӘМС және салалық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің өкілдері және кәсіпкерлермен кездесті.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен жиында тұрақты жұмыс орындарын ашу, міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аудару, әлеуметтік төлемдер мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Шымкент қаласында халықты тұрақты және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамту жайында басқарма басшысы Жанат Өтебаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Асқар Биахметов цифрландыру негізінде жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен таныстырды. Атап айтқанда, еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы, инновациялық жобалар навигаторы және ресми еңбек шарттарын реттейтін портал сынды үш бағытты қамтитын бастамалар ұсынылды. Жиын, барысында вице-министр әкімдікке қарасты басқармаларда инвестициялық жобалар бойынша жаңа жұмыс орындарын көбейту мәселесін алға тартты.
Сонымен қатар, вице-министр «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Asia Trafo», «Stroi Construction» және «QazAlPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысып, ондағы еңбек жағдайларына баға берді.
Іс-сапар барысында Асқар Сақтағанұлы Еңбек мобильділігі орталығы мен Қаратау және Абай аудандарының мансап орталықтарын аралап, халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берді.
Бөлісу