19 маусым - Шымкентте Қала күні аталып өтті.
Шымкент қаласының туған күні мерекесінде Қазақстан эстрада жұлдыздары мен шетел жұлдыздары өнер көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Елбасының жарлығымен 19 маусым күні Шымкент қаласы Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған. Осы атаулы күнге байланысты үшінші мегаполисте Қала күніне арналған "Шырайлы Шымқалам" гала-концерті өтті.
Мерекелік шараның салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының құттықтау хатын қала тұрғындарына жеткізді. Сондай-ақ, қаланың жетістіктері турасында баяндады.
Осы күні Шымкент қаласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға Үмбетәлиев Кеңес Үмбетәліұлы, Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы, Романова Наталья Сергеевна, Хашимжанов Икрам Акрамұлы, Сәрсенов Хайрулла Амантайұлы, Омаров Абдурашит Керизбайұлы, Оспаналиева Рәшкүл Жәлелқызы, Төлбасов Серік Қарабекұлы, Молдасеитов Қайрат Құсейнұлы, Айдарбеков Қайрат Нұртасұлына «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы табысталып, төсбелгілер тағылды.
Мерекелік гала-концертте Қазақстан эстарда жұлыздары Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Зируза, "Азия" тобы өнер көрсетсе, Украинадан келген «Не ангелы» тобы, өзбекстандық "Ялла" ансамблі мен Муниса арнайы келіп қала тұрғындарын Қала күнімен құттықтап, өз өнерлерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қала күніне ұйымдастырылған "Шырайлы Шымқалам" гала-концертінің соңы мерекелік отшашумен аяқталды.