Жаңа зауыттың жалпы инвестициялық құны – 5,8 млрд теңге.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкентте шыны конструкцияларын өңдеу және өндіру зауытын іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қуаттылығы жылына шамамен 800 мың м2 шыны конструкциясын құрайтын кәсіпорынға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Зауытта заманауи еуропалық жабдықтар орнатылған, ал шикізат Қызылорда облысынан (Orda Glass Ltd) жеткізіледі.
Жаңа кәсіпорынның өнімі ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне де экспортталады деп күтілуде.
Әлихан Смайылов өз сөзінде елімізде бәсекеге қабілетті өндірістердің саны жыл сайын ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсетеді, соның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, азаматтарымыздың әл-ауқаты артып келеді», - деді ол.
Жаңа зауыттың жалпы инвестициялық құны – 5,8 млрд теңге. Оны іске қосудың нәтижесінде 260-тан астам адам жұмыспен қамтылады.
«Жалпы оның қызметі өңірдің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Баршаңызды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаймын! Жұмыстарыңыз табысты болсын!», - деп түйіндеді Премьер-Министр.