​ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚОС ШЫНАРЫ: РУХАНИ МҰРАҒА АРНАЛҒАН ОҚЫРМАН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

0
100

Жыл сайын арнайы ұйымдастыру комитеті еліміздің әр өңірінен келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, ел болып оқуға ұсынылатын қаламгерлер мен шығармаларды айқындайды.


​ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚОС ШЫНАРЫ: РУХАНИ МҰРАҒА АРНАЛҒАН ОҚЫРМАН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына арналған оқырман конференциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаламгерлердің ұлттық рухты көтерудегі рөлін айшықтау, сондай-ақ жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.

Конференцияға балалар жазушысы Бақытгүл Ауданова қатысып, оқырмандармен пікір алмасты. Шара барысында қатысушыларға «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихы мен маңызы туралы кеңінен ақпарат берілді.
Аталған республикалық акция 2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана және Қазақстан кітапханашылары қауымдастығының ұйымдастыруымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жобаның басты мақсаты – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және әдеби мұра арқылы жас ұрпақтың рухани-танымдық дамуына ықпал ету.
Жыл сайын арнайы ұйымдастыру комитеті еліміздің әр өңірінен келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, ел болып оқуға ұсынылатын қаламгерлер мен шығармаларды айқындайды. Аталған акция аясында 2007 жылы алғаш болып Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» таңдалса, содан бері 50-ден астам отандық қаламгердің еңбектері оқырман қауымға ұсынылып келеді.
Іс-шара аясында қатысушылар назарына «Қос тұлға – қазақ әдебиетінің шамшырақтары» атты бейнеролик ұсынылып, «Мирас» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Марат Төреханұлы Байырбеков Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды баяндама жасады. Баяндамада қаламгерлердің әдеби мұрасындағы ұлттық рух, көркемдік ерекшелік пен тарихи-мәдени таным кеңінен талданды.
Сонымен қатар, оқушылар мен студенттер Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр», «Қызыл қамшы», «Саржайлау», «Шежірелі сахара» шығармаларынан үзінділер оқып, талдау жасады. Шығармаларды жатқа оқыған оқушылар көрермендердің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Қазақтың қос алыбы» атты әдеби-танымдық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, қатысушылардың әдебиетке қатысты білім деңгейі сарапқа салынды.
Бөлісу