Қазан айында Шымкентте бірқатар мерекелік шаралар өтеді

0
289

25 қазан – Республика күні қарсаңында екі күндік ауқымды шаралар жоспарланған. 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады.


 Қазан айында Шымкентте бірқатар мерекелік шаралар өтеді

Шымкент қаласында қазан айының мерекелік кезеңінде ұйымдастырылатын ауқымды салтанатты және мәдени-спорттық іс-шаралардың жоспары жарияланды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Бұл күні қарттар үйлерінде арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ақсақалдар мен әжелерге жылы лебіздер білдіріледі. Ал басты салтанатты жиын сағат 12:00-де «Royal Rose» мейрамханасында өтеді. Мұнда қаланың түрлі салаларында еңбек еткен 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, оларға еңбектерінің өтеуі ретінде естелік сыйлықтар мен құрмет грамоталары табысталады.

5 қазан – Ұстаздар күніне орай мерекелік іс-шара 3 қазанда «Қызғалдақ» сарайында өтеді. Бұл салтанатты кеште жергілікті өнерпаздар мен жастар ұстаздар қауымына арнаған өнерін паш етіп, концерттік бағдарлама ұсынады. Сондай-ақ, білім саласына сіңірген еңбегімен танылған үздік педагогтар марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар мен құрмет белгілері тапсырылады.

19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңындағы мерекелік шара да «Қызғалдақ» сарайында атап өтіледі. Бұл іс-шара Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен салтанатты концерттік бағдарлама ұсынылады. Биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесін ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығымен бірге атап өтуде. Осыған орай республика көлемінде «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы жүріп жатыр. Шымкенттік құтқарушылар да осы акция аясында ардагерлерге, балаларға, табиғат пен жануарларды қорғауға арналған түрлі қайырымдылық бастамаларын белсенді түрде жүзеге асыруда.

25 қазан – Республика күні қарсаңында Шымкентте екі күндік ауқымды шаралар жоспарланған. Алдымен 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, ел дамуына еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ қаланың ең жоғары құрметі – «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал мерекенің өзі – 25 қазанда Астана алаңында сағат 20:00-де ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Бұл концертте еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Қала әкімдігі бұл мерекелік іс-шаралар арқылы қала тұрғындарының бірлігін, патриоттық сезімін және әлеуметтік топтарға деген құрметін нығайтуды көздейді.


Бөлісу