​ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ: Шымкентте мерекелік концерт өтті

0
229

Концерт барысында қалалық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері ұлттық әндері мен билерін орындап, көрерменге өзіндік салт-дәстүрі мен мәдени байлығын таныстыратын көріністер ұсынды.


​ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ: Шымкентте мерекелік концерт өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Шымкент қаласының Достық үйінде «Халықтар достығы – халық қазынасы» атты ауқымды мерекелік концерт өтті.

Бұл мәдени шара көпұлтты Қазақстанның басты байлығы – бірлік пен қоғамдық келісімді дәріптеуге бағытталды, оған қала тұрғындары, қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері белсене қатысты. Іс-шараға қалалық иран этномәдени бірлестігі ұйытқы болып, оның мақсаты этномәдени бірлестік өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен өнерін көпшілікке көрсету арқылы ел бірлігін бекемдеу және этностар арасындағы достықты нығайту арқылы қоғамдық келісімді сақтауды ниет еткен.

Мерекелік шараның салтанатты ашылуында қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов қатысушыларды осынау айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін бекемдеудегі, бейбітшілік пен қоғамдық келісім құндылықтарын сақтаудағы айрықша рөлі туралы баяндады. Ол өз сөзінде:

«Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағидатты басшылыққа алып, түрлі этностарды ортақ мақсатқа біріктіріп келеді. Осындай мәдени іс-шаралар достық пен сыйластықты, өзара құрметті нығайтады, әрі жас ұрпақтың бойына көпұлттылықтың құндылығын сіңіреді,» – деп атап өтті.

Концерт бағдарламасы өте бай және мазмұнды болды. Қалалық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері сахнада өздерінің ұлттық әндері мен дәстүрлі билерін орындап, көрермендерге иран халқының өзіндік салт-дәстүрі мен мәдени байлығын таныстыратын жарқын көріністер ұсынды. Олардың өнері көрермендердің ықыласына бөленіп, Достық үйінің атмосферасын шынайы мерекеге толтырды. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы өзге де этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары да концертке белсене атсалысты. Олар қазақ, орыс, өзбек, корей, күрд және басқа да ұлттардың әндері мен билерін орындап, жиналған қауымға Қазақстанның мәдени мозаикасының байлығын айқын көрсетті. Бұл мәдениеттер шеруі сахнадағы әрбір сәтте этносаралық келісім мен өзара сыйластықтың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.

Мерекелік іс-шараның соңында барлық қатысушылар мен шығармашылық ұжымдар сахна төріне көтеріліп, достық пен бейбітшіліктің символына айналған «Қазақстан – Отаным» әнін бірігіп орындады. Бұл ән көпшіліктің рухын көтеріп, бірлік пен татулықтың мәнін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді, сондай-ақ қатысушылардың барлығы ұйымдастырушыларға және өнерпаздарға зор алғыстарын білдірді.

«Халықтар достығы – халық қазынасы» концерті Шымкент қаласының көпұлтты қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықты насихаттаудағы үздік үлгісін көрсетіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы ең маңызды және есте қаларлық мәдени іс-шараларының бірі болып қала бермек. Мұндай бастамалар әрбір этностың мәдениетін құрметтеуге және ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуі үшін бірлесе еңбек етуге шақырады.

Бөлісу