Жасаған жұмыстарын көрнекілік құралдары ретінде ғана пайдаланады.
Тігінші – еңбек нарығында аса зор сұранысқа ие болып жатқан мамандықтардың бірі. Бұл мамандықта жүргендердің басым бөлігі қыз-келіншектер десек те, түрлі мата қиындыларын қиюластырып, тігіншілік саласында өзіндік қолтаңбасы бар ер-азаматтарымыз да аз емес.
Сондай азаматтарымыздың бірі таңғажайып талантымен талайларды тамсандырып жүрген шымкенттік жас тігінші Оразбай Наурызбай Еркінұлы. Ол қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі қиыстырып құрақ қиюдың түрлі әдістерін меңгерген. Жігітке жеті өнер де аз дегендей, ол сурет салудың да хас шебері.
Он саусағынан өнер тамған жігіт іс тігуге бала кезінен қызығушылық танытқан. Наурызбайдың бұл іске деген сүйіспеншілігін оятқан анасы екен. Анасының жасап жатқан жұмыстарын көріп өскен ол кішкентайынан ине ұстағанын жасырмады.
(фотолар: кейіпкердің жеке мұрағатынан)
"Алғашында анам іс тігіп жатқанда қабаттасып мен де қосылатынмын. Кейіннен өзім тігіп үйрене бастадым. Жалпы сурет салуды анамның құрағынан, ойған оюынан үйрендім", - дейді тігінші жігіт.
Ең қызығы, ол құрақ құрауды тігін тігуді ешқандайда табыс көзіне айналдыру үшін жасамайды. Өзінің бойындағы талантын көрсету мақсатында ғана жасайтын көрінеді. Яғни, қолынан келетін істі өз хоббиіне айналдырған. Жасаған жұмыстарын көрнекілік құралдары ретінде ғана пайдаланады.
Наурызбай қазіргі уақытта жеке бизнеспен айналысады. Өзінің жеке құмыра жасау және сурет салу шеберханасы бар. Ол шеберханада саз балшықтан құмыра жасап, сурет салудың қыр-сырын үйретеді.
«Мен «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын қызыл дипломға бітіргенмін. Яғни оқыған мамандығымда қолөнерден алыс емес. Менің бойымдағы барлық өнер маған анамнан дарыған», - дейді ол.
Жас қолөнерші «Сәйгүлік» деген жаңа құрақ түрін ойлап тауыпты. Оның ерекшелігі – құрақ тігу кезінде пайдаланылған түстер үйлесімі адамға жылулық береді. Аталмыш құрақтың бетіндегі түстер адамды тыныштыққа сабырлыққа бейімдейді, - дейді тігінші жігіт.
"Осыдан үш-төрт жыл бұрын, анам бір тойхананың жабдықтарын тігуге тапсырыс алған болатын. Үлкен тойхана болған соң, перделері жапқыштары көп еді. Анам бір өзі үлгермегендіктен оларды тігуге көмектестім. Осылайша сол тойхананың 400-ге жуық орындық жапқыштарымен қоса, барлық жабдығын анам екеуміз бірге тігіп шықтық. Бұл іс маған үлкен тәжірибе болды десем де болады", - деді қолөнерші.
Алдағы уақытта қазақтың қалып бара жатқан көне өнерлерін өзімізден кейінгі жас ұрпақтарға үйрету арқылы қазақи нақышты бүкіл әлемге паш еткім келеді екен қолөнер шеберінің.
Наурызбайдың жеткен жетістіктері де аз емес көрінеді. Түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгеріпті. Атап айтар болсақ, 2019 жылы «Шабыт» жас суретшілер фестивалінде «Үздік суретші» және «Үздік жастар» премиясында «Жылдың үздік суретшісі» номинациясына ие болыпты. Сонымен қоса, 2021жылы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Үздік Түлегі» атты халықаралық байқауда І-дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Салған суреттері де түрлі көрмелердің төрінен орын тауыпты.
Анамның айтуынша, 4-5 жасымнан бастап жерге таяқпен сурет салатын болған екенмін. «Осы кезден бастап, сурет өнері менімен егіз секілді. Бастысы жасап жатқан жұмысым өзіме ұнайды. Өзім қызыққан дүниені кәсіпке айналдыра алдым», – деді ол.
Қолөнершіміздің болашаққа деген жоспарлары да аз емес. Өз кәсібін (@artclay.kz) ары қарай кеңейтіп, дамытуды көздейді.
Ұлбосын Әбілсейітқызы,