Ғабит Сыздықбеков ҚР Президентінің атынан балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
ERNUR.KZ. Бүгін Шымкентте «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Президенттік жаңажылдық шырша мерекесі өтті.
Мерекелік кешке балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, ерекше қамқорлықты қажет ететін балдырғандар, көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері қатысты.
«Бірнеше күннен кейін Жаңа жылға жол беретін 2023 жыл еліміз бен сүйікті Шымқаламыз үшін табысты жыл болды. Қаламыз бұрынғыдан көркейіп, кемелдене түсті. Білім саласында да бірқатар жақсы жаңалықтар мен үлкен жеңістерге қол жеткіздік. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша 12 жайлы мектептің құрылысы басталды, 3 мектепке жаңа ғимарат салынды, заманауи Оқушылар сарайы мен Өнер мектебі ашылды.
Өздеріңіздей жас жеткіншектер халықаралық және республикалық зияткерлік сайыстарда 8 алтын, 18 күміс, 11 қола медаль алды, 3 бала әлем чемпионы атанды, биыл баскетболдан Үміт кубогын жеңіп алдық. Бұл кубокты біз 17 жыл күткен едік. Бұл тек негізгілері ғана. Сіздердің үздік оқуларыңыз бен өнегелі тәртіптеріңізді еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз деп білемін», — деді қала әкімі.
Іс-шара барысында қонақтарға қаламыздың белгілі қоғам қайраткерлерінің бейне құттықтаулары ұсынылды. Жаңа жыл қарсаңындағы керемет кеш «Шырша жыры» әнімен шырқалып, көпшіліктің қатысуымен сазды ойындарға ұласты.