"Қырға қарай қаштық": Шымкенттегі Елтай ауылының тұрғындары судың екі жақтан келгенін айтты

0
1 662

Су басқан елдімекеннің тұрғындары тізеден су кешіп жүр.


Шымкенттегі су басқан ауыл тұрғындары өзеннен келген сумен алысып жатқанда қырдан да су келгенін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Үйдің ауласын су басқанда тұрғындар қырға қашқан. Өзен тасып, көпірден асып өткен су жол жағалай келіп аулаларға кіргенде, жауын-шашынның салдарынан қырдан да су тасқыны темір жолдың үстінен асып өтіп кірген. Бұл туралы Елтай ауылының тұрғындары айтып берді.


Ауыл тұрғыны Сапаркүл Шерханованың айтуынша, қатты жауған жауын көшені суға толтырған.

"Жаңбыр 17:15-те басталды. Қатты жауды. Труба бекітіліп қалған ғой, содан бері қарай үйімізге қарай ақты. Онымен қоймай, пойыз жол жақтан тағы су ақты. Бірақ, үйге кірген жоқ. Іргетаспен бірдей болып, су толды. Алайда, сарайға зақым келді", - дейді ол.

Үй маңы суға тола бастаған соң, қорадағы малын босатып, отбасымен бірге қырға қарай қашып кетіпті.

Бүгін немересі екеуі баспанасының қорасын бекітіп, үйге су кіргізбеудің бар амалын жасады. Қапқа құм толтырған олар, судың сайға қарай ағуын қадағалаумен жүрді.

Тізеден келетін су кешіп, баспанасының зақымданбауына бар амалын жасап жүрген отбасы мүшелері бүгін сырттағы малын үйіне кіргізіпті.

Судың қатты жылдамдықпен ағып жатқандығы себебінен, тау тастары ауыл ішіне жеткен. Қазір ауыл көшелері тас аралас балшық басқан.

Естеріңізге сала кетейік, 14 мамыры сағат 12-00-дегі жағдай бойынша аталған елдімекекенде жауын-шашын салдарынан 60 аула учаскесі мен 60 шаруашылық құрылыстарын (су деңгейі 20-50 см) су басты, оның ішінде 24 тұрғын үйді су басқан, 5 шаруашылық нысан қираған.