«Отбасы банк» талаптарына сәйкес, несие уақытын өткерген соң қандастар тұрғын үйді жекеменшік иелікке рәсімдей алады.
Шымкент қаласында 927 тұрғын үй банк арқылы рәсімделді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалған 48 отбасы тұрғын үйлерді «Отбасы банкпен» рәсімдеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін шешу мақсатында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы арқылы хат жолданған. Министрліктің жауабына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Cонымен қатар, Шымкент қаласында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізінде тұрғын үйлердің жалпы аумағын ұлғайту мақсатында тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру жоспары бекітілді. Ал, оның орындалуын қадағалау басқармаға жүктелген. Бұл тұрғын үйлердің басым бөлігі қаланың аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан ШымСити, Тұран, Әкімшілік іскерлік орталығы, Бозарық шағын аудандарында орналасатын көпқабатты тұрғын үйлер есебінен жоспарлануда.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Тұран-2 шағынауданында 20 тұрғын үй салынуда. Бүгінде шағынауданның 29- орамында мемлекеттік бюджет есебінен 1080 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз желілері мен электр жүйесі тартылған. Биыл мұнда ішкі орамның жерін тегістеу, абаттандыру жұмыстары, аяқжол және асфальт жол құрылысы жүргізіледі. Нысандарды қолданысқа беру екінші жартыжылдыққа жоспарлануда.