Заңға құрмет – тәртіпті қоғамның негізі, ал құқықтық мәдениет – жас ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.
Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.
“Заң және тәртіп” қағидаты аясында қалалық полиция департаментінің қызметкерлері Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияда жоғары сынып оқушыларымен құқықтық тәрбие сағатын өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдерге құқықтық білім беру, олардың құқық бұзушылықтың салдарын түсінуіне ықпал ету және қоғамда қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру. Іс-шараға мектептің 9–11-сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Полиция қызметкерлері балаларға киберқылмыстардың түрлері мен оларға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі алаяқтық, қорлау, жалған ақпарат тарату және жеке деректерді жариялау секілді құқық бұзушылықтардың нақты мысалдары келтірілді. Тәртіп сақшылары интернеттегі кез келген әрекет үшін заң алдында жауапкершілік бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, оқушылар есірткі заттарын қолданудың салдары мен денсаулыққа тигізетін орасан зор зияны туралы ақпарат алды. Полицейлер мұндай тәуелділік адамның болашағына балта шабатынын, қылмысқа итермелейтін факторлардың бірі екенін түсіндірді.
Кездесуде зорлық-зомбылық пен буллинг мәселесі де кеңінен талқыланды. Спикерлер мектептегі және тұрмыстық зорлықтың алдын алу жолдарын айтып, қиын жағдайға тап болған балалардың міндетті түрде ересектерге — ата-анасына, ұстазына немесе полицияға жүгінуі қажет екенін баса айтты.
Жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін білуге, қажет жағдайда өзін қорғаудың заңды тәсілдерін қолдануға үйретілді. Полицейлер мысалдар келтіре отырып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің нақты жағдайларын баяндады. Бұл оқушыларға ой салып, әрбір іс-әрекетінің салдарын түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Көпшілігі интернеттегі қауіпсіздік, достар арасындағы жанжал кезінде дұрыс шешім қабылдау және бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті туралы кеңес алды.
Мектеп әкімшілігі мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін айтып, полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Іс-шара соңында полицейлер балаларға құқық бұзушылыққа жол бермеудің маңызын еске салып, өз құқықтарын білумен қатар, заңды сақтау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Осындай профилактикалық кездесулер Шымкент қаласының өзге де білім беру мекемелерінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруды басты мақсат етіп отыр.


