ҚР ІІМ «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша қала аумағындағы 8 мекенжайда бір үйге 20-дан астам адам тіркелгені анықталды. Жалпы саны — 360 азамат.
Шымкент қаласында Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес «резеңке пәтерлерге» қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бұл шара азаматтарды нақты тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін қатаң сақтау және заңсыз тіркелген адамдарды анықтау мақсатында жүзеге асырылды.
Аталған мәселе бойынша бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
ҚР ІІМ «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша қала аумағындағы 8 мекенжайда бір үйге 20-дан астам адам тіркелгені анықталды. Жалпы саны — 360 азамат. Осыған байланысты, 2025 жылғы 25 қыркүйекте аудандық полиция басқармаларына тиісті нұсқау жолданып, көрсетілген мекенжайлар бойынша тексеру жүргізу және нақты тұрмайтын тұлғаларды тіркеуден шығару тапсырылған.
Тексеру барысында аталған тізімдегі үш мекенжайдың студенттік жатақхана екені белгілі болды. Атап айтқанда:
• Әл-Фараби ауданындағы Сматлаева көшесі, №111 мекенжайында Ташенов университеті мен М.Тынышбаев колледжінің студенттер жатақханасы орналасқан;
• Ғ.Иляев көшесі, №25 мекенжайында — «Мирас» университетінің жатақханасы;
• Еңбекші ауданындағы Сайрам көшесі, №190/11 мекенжайында қыздарға арналған жатақхана бар.
Қалған бес мекенжай бойынша (Дулати көшесі 92 және 86 үйлер, Ынтымақ шағынауданы №251 үй, Тұран шағынауданы №53а үй 51-пәтер, 18-шағынаудан №6 үй 32-пәтер) үй иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 493-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тұрғылықты мекенжайында тұрмайтын азаматтар тіркеуден шығарылды.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай шаралар халықтың тіркеу есебін нақтылау, көші-қон тәртібін реттеу және тұрғын үй қорын тиімді пайдалануға бағытталған.