Шымкент қаласында Асқар Сәтпаев есімді азамат қайыстан әмиян, белдік және сөмке тігіп, нарықтағы бәсекелестікті арттыруда.
Асқар - теріден белдік және әмиян, сөмке тігетін қолөнер шебері. Көпқабатты үйдің балконын өз шеберханасына айналдырған ол, сапалы әрі қажетті дүниелерді қолдан тігеді. Алғашында тек белдік тігумен айналысса, енді міне, өз коллекциясына сөмке де қосыпты.
«3-ші жыл болса керек бұл іспен айналысып жатқаныма. Бұл суретшілердің жұмысы сияқты емес. Оларға өз жұмысымен айналысу үшін бояу және мольберт қажет болса болғаны. Ал бізге ше? Бір ғана кішкентай кнопканы қадау үшін, арнайы станок қажет. Сондықтан да мен бір жылға жуық арнайы техникаларды жинадым. Әуелі зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Жинап-жинақтап жұмысқа кіріскеніме 2 жылдай уақыт болды. Қазір тек қана осы іспен айналысамын деп айта алмаймын. Басқа да жұмысым бар. Дегенмен, бұл істі хобби ретінде алып жүрмін. Нәтижесі жаман емес», - дейді Асқар.
Иә, егер Асқардың өз қолымен жасаған өнімдерін сатып алсаңыз көп қаржы жұмсамайсыз. Тіпті, сіз күнделікті сатып алып жүрген қытайлық әмиян мен белдіктің бағасынан сәл ғана қымбаттау. Ал сапасының айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені, таза қайыстан жасалған кез келген дүние кемі 5 жылға төтеп береді. Одан кейін де бұл тауардың түсі ағарса, оны қайта бояуға болады. Сонда, небәрі 5 мыңға сатып алған белдігіңіз, әмияныңыз немесе сөмкеңізді 10 жыл пайдалана аласыз.
"Өңделген теріні қайдан аласыз?" деген сауалға жауап берген Асқар, бұл тұрғыда өкінішті жағдайлардың орын алып жатқандығын да жеткізді.
«Алаға шүкір, қазір қалада тері өңдейтін жігіттер бар. Осыдан 3-4 жыл бұрын Алматыға барып, алып келетінбіз. Бірақ, Шымкенттегі тері өңдейтін жігіттердің айтуы бойынша, сұраныс аз. Мен олардың жұмысы тоқтамағанын қалаймын. Өйткені, мен ол теріге мұқтажбын. Менің бір басшым айтушы еді, қазақтар - паразитке айналып бара жатыр деп. Бұл сөздің төркіні қайда жатыр? Біз шикізат өндірмей, дайын өнімді ғана тұтынып, сатып алуға бейімбіз. Егер, қазақ малының терісін Қытайға, Қырғызға, Түркияға жібермей, өзімізде өңдесек, қаншама өндіріс орындары ашылып, адамдар жұмыспен қамтылатын еді. Мысалы, мен де 10-ға жуық адамды жұмыспен қамти аламын»,- дейді шебер.
Иә, Асқар өз қолымен жасап отырған дүниелердің сапасы жоғары. Бірақ дизайнында кемшілік барын өзі де мойындап отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру тұрғысында жұмыс жасайтындығын айтты.
Қазақтың ойында италияндық былғары аяқкиімге құмарлық, шетелдік брендтерге тәуелділік қалыптасып қалған. Бағасы удай болса да, соңғы тиынына шетелдік былғары заттарды сатып алып жатады. Бұл отандық өнімге деген сенімсіздік пе деген де ой келеді кейде.
Асқар осыдан 2 жыл бұрын кәсіпкерлерді қолдау орталығына барып, 500 мың теңге қаржылай көмек беруді сұраған екен. Алайда, жас кәсіпкердің кепілге қоятын баспанасы болмағандықтан, қаржылай қолдаудың шарапатын сезінбепті.
Дегенмен, Асқардың бұл жылы атқарар жұмысы мен алға қойған жоспары көп. Қандай дейсіз бе? Қазір оның шағын шеберханасының құрылысы жүріп, аяқталуға жақын қалыпты. Яғни, қайыстан жасалған қолөнер шеберінің ендігі туындыларының мөлшері артпақ. Тағы бір отандық өнім нарыққа жол тартатын болады.
«Әуелі Аллаға, сосын анама рахметімді айтып жүрмін»
Қазақ еліне мал терісін өңдеу және одан сан түрлі бұйымдар жасау таңсық дүние емес. Тек бүгінгі күні мұндай өнерден көп адамның қол үзіп қалғаны өкінішті.
Алайда, Асқар Сәтпаев кезінде теріні көркемдеу-өңдеу мамандығы бойынша білім алғанына дән риза екендігін жеткізді.
« 9-сыныптан соң Б.Саттарханов атындағы спорт мектебіне түскім келіп, біраз уақыт дайындалдым. Солай жүргенімде спорт мектебіне түсетін уақыт өтіп кетіпті. Оның үстіне, шешем де бұл ойымды қоштай қоймады. Шымкенттегі Қастеев атындағы көркем-сурет колледжінде менің ағам дене шынықтыру пәнінен мұғалім еді. "Спорттан не пайда табады дейсің, одан да колледжге келіп өнер үйренсін, ертең сол арқылы нан табады" деп анама айтқан екен. "Мал бір жұттық, өнерің өз бойыңда" дегендей, колледжде теріні көркемдеу-өңдеу мамандығын оқыдым. Бірінші Аллаға, одан кейін шешеме рахмет айтамын. Несі жаман?! Үйде отырып-ақ, міне, осы ісімді дөңгелетіп, кәсіпке айналдырып жатырмын.
Колледжде 5-6 ғана студент осы мамандық бойынша білім алып шықтық. Дәл қазір бұл іспен мен және бірге оқыған досым ғана айналысып жүрміз. Қалғандары өзге мамандық бойынша өз нәпақаларын тауып жүр", - дейді ол.
Асқар жоғары білім алу үшін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындағы бейнелеу өнерінің сыншысы мамандығы бойынша да білім алған екен. Ең қызығы, бүгінгі тері өңдеу және көркемдеу ісін колледжде алған білімі бойынша жұмыс істеп келеді.
Біраз жыл мегаполистегі телеарнада қызметте болған Асқардың ендігі мақсаты - көпқабатты үйде орналасқан шеберханасын өзге орынға ауыстырып, көркемдеп жасалған өнімдерінің түрлерін де көбейту. Өзге де жұмысшыларға қолайлы жағдайы бар шеберхана ашып, отандық өнімнің дамуына өз үлесін қосуға асық. Қазірше өз қолынан шыққан мұндай керемет бұйымдардың сатылатындығынан тек достары, әріптестері ғана хабардар. Алдағы уақытта "бұл істі дөңгелетемін" дейді білек сыбанған кәсіпкер.
Тоғжан Бауыржанқызы,