Қошқар ата өзені жағасында құрылған этно-ауылда киіз үйлер тігіліп, домбырадан күй ойналып, жастар алтыбақан тепті.
Бүгін ата-бабаларымыздың көне салтын ұмытпаған шымкенттіктер «Қошқар ата сейілін» ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Ұлыстың Ұлыс күні Қазақстанның әрбір азаматына әрқашан да қасиетті де, киелі мереке болып саналған. Наурыз — жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, ауызбіршіліктің, бауырмалдықтың мерекесі болып табылады.
Бүгін Шымкент қаласын қақ жарып өтетін Қошқар ата өзенінің бастауында Ұлыстың ұлы күніне орай «Қошқар Ата сейілі» атты мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қатысты. Ұлыстың Ұлы күні мерекесі кезінде қала тұрғындары ата-баба әруағына Құран бағыштап, құрбандыққа қошқар сойды.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовқа Наурыз мерекесін тойлап жүрген бүлдіршіндер Қошқар ата өзенінің бұлағынан алынған суды ұсынды.
Қошқар ата өзені бойында этно-ауыл құрылып, киіз үйлер тігілді. Киіз үйде әжелеріміз халық әнін шырқап, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттады.
Ұлыстың Ұлы күніне арнайы келген ұлттық аспаптар оркестрі қазақтың күйлерін тартып, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап отырды.
Қошқар ата өзені бойында құрылған этно-ауылында апа-әжелеріміз ұршық иіріп, жастарға бұрындары жіптің қалай алынатындығы жайында әңгімелеп, үйретіп отырды.Ал, жеңгелеріміз болса күбі пісіп, майды дайындау жайында сөз қозғап, іспен көрсетті.
Талқан дайындаудағы көрініс.Жастарымыз "Алтыбақан" теуіп, мереке ажарын қыздыра түсті.
Ұлыстың ұлы күні қазақтың ұлттық спорт түрлері де дәріптелді.
Қазақ күресі халқымыздың ең көне спорт түрлерінің бірі болып есептеледі.Елубай Акбар - №1 қалалық спорт мектебінің жаттықтырушысы, "Қошқар көтеру" сайысында салмағы 40 келіден асатын қошқарды 162 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, мереке аясында қала тұрғындарына арналған дастарқан жайылып, Ұлыстың ұлы күнінде пісірілген Наурыз көже мен баруырсақтар, тәттілер ұсынылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылға Өзбек этномәдени бірлестігі келген қонақтарға дастарқан жайып, 20 келі палауын басты.Ұлыстың Ұлы күні ұйымдастырылған "Қошқар ата сейілі" мерекесі концерттік бағдарламамен ұласты. Әншілер ән айтып, бишілер би билеп халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.