Жалға беретін футбол алаңшасы көрінбей қалғандықтан көше бойындағы жасыл желекті кесіп тастаған.
Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахимов бүгін А.Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын қадағалау кезінде заңсыздықтарға жол берілгенін анықтап, тиісті тұлғаларға жаза көрілетіндігін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент экономикалық колледжінің басшылығы көше бойындағы жасыл ағаштарды еш рұқсатсыз кесіп тастағаны белгілі болды. Жалға беретін футбол алаңшасы көрінбей қалғандықтан көше бойындағы жасыл желекті кесіп тастағанбыз деп түсіндірген көрінеді Шымкент экономикалық колледжінің басшылығы.
"Кезекті рет Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, қадағалап шықтым. Мақсатымыз - бұл көшені қаланың ең көрікті көшелерінің біріне айналдырып, болашақта басқа көшелерді де осы үлгі бойынша жөндеп, қаламызға сән беру. Алайда, кейбір жеке тұлғалар өз бастарының мүдделерін қоғам мүддесінен жоғары қоюда. Мысалы, жекеменшік Шымкент экономикалық колледжінің басшылығы арендаға тапсырылатын футбол алаңшасы көрінбей қалғандықтан көше бойындағы ағаштарды кесіп тастаған. Бұл жағдай бойынша заң аясында қатаң іс-шара қолдануды тапсырдым. Қаланың көркін бұзатын, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын осындай келеңсіз іс-әрекеттердің барлығы қатаң жазаланатын болады", - деп жазды Шымкент қаласының әкімі Инстаграм парақшасында.
Нәтижесінде А.Байтұрсынов көшесіндегі ағаштарды заңсыз кесуге жол берген оқу ордасының басшысы жауапкершілікке тартылды.
"Арнайы тексеру нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінің 386 бабына сәйкес, жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау қағидаттарын бұзғаны үшін Шымкент экономикалық колледжінің басшысы А.Бәшенов әкімшілік жауапкершілікке тартылды,"-делінген қала әкімдігінің Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.
Парақшада жарияланған бейнежазбада оқу ордасының басшысы әрбір кесілген ағаштың орнына он көшет егуге уәде берді. Сондай ақ колледж маңындағы ағаштардың дені қурап қалғандықтан кесіп тастағанын айтты.
"Ағаштарды кесу үшін арнайы рұқсат алу қажеттігін білмедік. Қазір әкімшілік хаттама толтырылып жатыр. Айыппұлын төлейміз. Әрбір кесілген ағаштың орнына қарағай сынды он көшет әкеп отырғызамыз,"-деді колледж басшысы.