ШЫМКЕНТ: ана арманын орындаған погонды ару

0
137

Полиция подполковнигі қызметке берілген жандардың бірі. Қауырт жұмысына қарамастан, әрқашан отбасына көңіл бөледі. Кітап оқығанды жаны сүйеді, сонымен қатар әдемі гүлдерді өсіргенді жақсы көреді.


ШЫМКЕНТ: ана арманын орындаған погонды ару

Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен, тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін, темірдей тәртіпті ту еткен арулар құқық қорғау саласында да аз емес. Темірдей тәртіпті талап ететін бұл салада бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Дегенмен, қоғам тыныштығы мен бесік тыныштығын қатар алып, қатаң тәртіп пен кәсібилікті үйлестіре білген, сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандылар қатарына Шымкент қалалық Полиция департаментінің маңызды бөлімшесін басқарып отырған полиция подполковнигі Айнұр Бағдатқызын ерекше атап өтуге болады.

Айнұр Бағдатқызы – өз ісінің нағыз маманы, ол Ішкі істер саласында 25 жылға жуық уақыт бойы тынымсыз еңбек етіп келеді. Оның қызмет жолы құқық қорғау жүйесінің түрлі сатыларынан өтіп, терең тәжірибе жинақтаумен сипатталады. Алғашқы еңбек жолын Әкімшілік полиция басқармасынан бастаған ол, көп жылдар бойы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Штаб басқармасында жауапты қызметтер атқарған. Бүгінде полиция подполковнигі Айнұр Бағдатқызы Шымкент ҚПД Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы лауазымында басшылық қызметте, департаменттің құжат айналымын ұйымдастыруды және оның тиісті талаптарға сай жүргізілуін қадағалауды қамтамасыз етуде.

Қызығы, Айнұр Бағдатқызының бала кезіндегі арманы дәрігерлік саламен байланысты болған – ол хирург болуды қалаған. Алайда, оның өмірлік жолының бұрылуына және офицер атағын алуына анасының зор ықпалы болған екен.

«Менің погон кигенімді анам қатты қалады. Анамның арманы мені полиция қызметкері ету болды. Қазір темірдей тәртіпті талап ететін осындай маңызды салада қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін. Менің жұмыс бабындағы абыройым мен жетістіктерім отбасымның, әсіресе анашымның тілеуінде деп білемін», – дейді Айнұр Бағдатқызы.

Айнұр Бағдатқызы – қызметке ерекше берілген жандардың бірі. Қауырт жұмысына, күндіз-түні талап ететін жауапкершілігіне қарамастан, ол отбасына көңіл бөлуге, үйіндегі тыныштықты сақтауға тырысады. Оның бір ұлы және бір қызы бар, олар бір сыныпта оқиды.

Жұмыстың көптігіне байланысты, балаларының тәрбиесімен көбінесе оның анасы айналысады. Бұл оның отбасы мен қызметтің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін үлкен қолдау.

Қызметтен тыс уақытта Айнұр Бағдатқызының жеке қызығушылықтары да сан алуан. Ол кітап оқығанды жаны сүйеді, сонымен қатар әдемі гүлдерді өсіргенді жақсы көреді, бұл оның нәзік табиғатын көрсетеді.

Қызмет барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан осы нәзік жанды полицейдің кәсіби және өмір жолы кейінгі жастарға, әсіресе құқық қорғау саласында қызмет етуді армандайтын қыздарға үлгі болары сөзсіз. Оның тәжірибесі мен адалдығы – Шымкент қалалық полициясының сенімді тірегі.

Бөлісу