Шымкент архивінде тарихи деректерді сақтау жұмыстары жүргізілуде

0
67

«Мәдени мұра» және «Архив 2025» бағдарламалары аясында Ресей, Өзбекстан және басқа мемлекеттердің архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты бірегей деректер іздестіріліп, жинақталды.


Шымкент архивінде тарихи деректерді сақтау жұмыстары жүргізілуде

Шымкент қаласының мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ағартушылық іс шара өтті.

Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, архив жұмысы және тарихи құжаттарды сақтау тәртібімен танысты. Жастар сирек кездесетін құжаттарды көріп, туған өлкенің тарихына қатысты құнды деректерге қанықты.

Ашық есік күні республика бойынша мемлекеттік архивтерде жыл сайын 21 қыркүйекте өткізіледі. Оның мақсаты – жастардың ел тарихына қызығушылығын арттырып, тарихи мұраны сақтаудың маңызын түсіндіру. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы дәрістер мен танымдық экскурсиялар арқылы жалғасады.
Шымкент қаласының мемлекеттік архиві 1992 жылы құрылған. Алғашқы кезеңде мекеме Кеңес Одағының ыдырауы кезінде қызметін тоқтатқан кәсіпорындар мен зауыттардың жеке құрамына қатысты құжаттарды сақтаумен айналысты.
Архив қызметкерлерінің мәліметінше, революцияға дейінгі кезеңге және мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы жылдарына қатысты бірқатар құнды материалдар шетел архивтерінде сақталған. «Мәдени мұра» және «Архив 2025» бағдарламалары аясында Ресей, Өзбекстан және басқа мемлекеттердің архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты бірегей деректер іздестіріліп, жинақталды.
Соның бірі – Шымкент цитаделіне қатысты көне карталар. Архив қызметкерлері оларды 2022 жылы Мәскеуден елге алып келген. Қазір тарихи карталар көрмелерде ұсынылып, қаланың көне тарихын айғақтайтын құнды дерек ретінде сақталуда.
2018 жылдан бастап архивте қала дамуына үлес қосқан азаматтардың жеке қорлары қалыптастырыла бастады. Оларға жеке құжаттар, фотосуреттер және басқа да тарихи материалдар енгізіледі. Бүгінде Шымкенттің 24 белгілі тұрғынына қатысты бірегей құжаттар топтамасы жинақталған.
Архив қорындағы әрбір құжат – өткен дәуірдің дереккөзі. Оларды сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізу қала тарихын зерделеудің маңызды тетігі болып қала береді.
Бөлісу