Күні бүгінге дейін өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары Шымкенттің барлық мемлекеттік органдар, университеттер және колледждер мен мектептерде жұмыс істейтін. Енді 22 қаңтардан бастап, қаланың халық көп шоғырланған 5 базарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары жұмысын бастады.
Шымкенттегі «Қырғы», «Айна», «Самал», «Авто-Нұр», «Тұлпар», базарларында халыққа қызмет көрсететін стационарлық бекеттер жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкенттіктерге сауда орындарындағы стационарлық бекеттер аптаның бес күнінде сейсенбіден сенбіге дейін, таңғы 09:00 мен кешкі 18:00 аралығында қызмет көрсететін болады. Ал, жексенбі мен дүйсенбі күндері демалыс. Қазірде әр бекетке 2 маман бекітілген. Мұнда келгендер электронды анықтамалардың 598 түрін ала алады.
«Стационарлы бекеттерде өз-өзіне қызмет көрсету секторлары ашылды. Бұл жерде біз халыққа насихат жүргіземіз. Мұнда электронды анықтамаларды үш жолмен алуға болады. Оның біріншісі - электронды цифрлы қолтаңба арқылы, екінші - «смс» арқылы базаға бір реттік тіркелу, үшіншісі - «телеграм-бот» арқылы. Яғни, осындағы халық жұмыс орнын тастамай, ХҚКО-на бармай-ақ осы жерден қызмет түрлерін ала алады», - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Жандос Болат.
«Мен мекенжай анықтамасы мен атымда үй бар-жоғын анықтайтын және сотталмағаным жөніндегі анықтамаларды алуға келіп тұрмын. Бізге осындай қолайлы жағдай жасаған басшыларға рақмет. Біріншіден, енді бізге құжаттарымызды туралау үшін ЦОН-ға барудың қажеті жоқ. Одан кейін мұнда ондағыдай кезек жоқ, кезек күтіп уақытыңды шығындамайсың», - дейді саудагер Бердіхан Алдабергенов.
Осылайша қаламыздың халық көп шоғырланған жерлерде азаматтардың цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруға және азаматтар мен шенеуніктердің тікелей жолығуына мүмкіндік бермеуге өзіне-өзі қызмет бұрыштары өз септіктерін тигізетініне кәміл сенімдіміз.