ШЫМКЕНТ: Ереуілге шыққан автобус жүргізушілерінің мәселесі шешілді

0
1 107

«Shymkent Bus» ЖШС қарамағында 361 жүргізушісі бар, ал жалақылары 130 мың теңге.


ШЫМКЕНТ: Ереуілге шыққан автобус жүргізушілерінің мәселесі шешілді

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ

Комиссия отырысында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған «Shymkent Bus» «Басқарушы компаниясы» ЖШС-гі қызметкерлерінің жалақыларын ала алмау мәселесі қаралды.

Еске салсақ, 2019 жылдың 20 қарашасы күні Шымкентте 5 бағыт бойынша қызмет көрсететін «Shymkent Bus» автопаркінің 30-ға жуық қызметкері таңертеңнен жұмысқа шығудан бас тартқан. Жалақының уақытында берілмегеніне наразылық тудырған мәселені шешу үшін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында арнайы жиын өткізді. Аталған «Shymkent Bus» ЖШС қарамағында 361 жүргізушісі бар, ал жалақылары 130 мың теңге. Сондай-ақ, «Shymkent Bus» компаниясының қаржы-экономикалық қызметіне байланысты жалақы бойынша 2 айға қарыз қалыптасқан және бұл мәселе жан-жақты қаралып, партия филиалы бақылауына алынған.

Осыған орай, орын алған жағдайды назардан тыс қалдырмау үшін партиялық бақылау комиссиясы «Shymkent Bus» компаниясы мен салаға жауаптыларды жинап, бірқатар мәселерді талқылады. Алғашқы болып сөз алған «Shymkent Bus» «Басқарушы компаниясы» ЖШС-нің директоры Елікбай Тоқбергеновтың айтуынша өткен қараша айында тиесілі жалақыларын ала алмай, наразылық тудыртқан қоғамдық көлік жүргізушілеріне уәде бойынша айлықтары толық төленген.

«Келесі жылы қаңтар айынан бастап мемлекеттен субсидия беріледі. Толық есеп айырысу жасалды. Енді жалақы тұрақты түрде берілетін болады. Сондай-ақ, компаниядағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы келісімшартта 130 мың теңге деп көрсетілген», - деді Елікбай Тоқбергенов.

Сондай-ақ, партиялық бақылау комиссиясы тарапынан алдағы уақытта автопарк қызметкерлеріне тиесілі еңбекақының уақытылы төленуін қадағалау және жалақыны төмендетпеу бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, «Басқарушы компания Shymkent Bus» ЖШС-де кәсіподақ комитетін құру мәселелері қарастырылды.

Ал партия мүшесі «Басқарушы компания Shymkent Bus» директоры Еликбай Токбергеновтың партиялық жауапкершілігі Қаратау аудандық партия филиалына жүктелді. Одан бөлек, күн тәртібіндегі мәселе толығымен қаралып, отырыстың қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.