Құрылыс басқармасының басшысына барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін айтты.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында, Абай ауданы, «Ақжайық» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тексерді.
Құрылыс басқармасының басшысына барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін айтты. Бюджеттік тұрғын үй құрылысы белгіленген кестеден кешікпеуі тиіс.
Әрі қарай Тұран ауданы, «Айқап-Түркістан» шағынауданындағы кәріз жүйесінің құрылыс барысын бақылады. Биыл екінші жартыжылдықта шағынаудан тұрғындары толықтай кәріз жүйесімен қамтылады. Қала тұрғындарының жайлылығы үшін және көлік қозғалысын қалпына келтіру мақсатында құрылыс аяқталғаннан кейін абаттандыру жұмысын жүргізіп, жолды асфальттауды тапсырды.
Сонымен қатар, қала басшысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №50 мектеп-гимназиясына қосымша оқу корпусын салу жұмысымен танысты. Жауапты тұлғаларға құрылысты ерекше бақылауға алып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, аралау барысында «Шымкентцемент» ЖШС-нің қызметімен танысты және «Shegen» сауда үйінің көпсалалы жиһаз цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған, жылына шамамен 130 мың дана жиһаз өнімін шығарады. Мұнда медициналық және білім беру мекемелеріне арналған технологиялық жиһаз, спорттық құрал-жабдықтар, ас үй жиһазы және зертханалық жабдықтар өндіріледі.