Аралау соңында жаңа айналма жол өтетін аумақ әуеден бақыланды.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары аясында берілген баспаналар Бозарық шағынауданында орналасқан. Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Аралау барысында жолаушылар тасымалдаушы «Bozjorga Bus» ЖШС-нің жаңа автобустарымен танысты. Әлеуметтік маңызы бар №72 бағытқа 17 заманауи автобус сатып алынды. Автобустар төмен еденді алаңмен, пандустармен және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындармен жабдықталған. Олар ертеңнен бастап жолаушыларға қызмет көрсете бастайды.
Сонымен қатар қыркүйек айында «Shymkent Bus» тасымалдаушысы қала бағыттарына 31 жаңа автобус шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа автобустар қолданыстағы ескірген көліктерді алмастырып, қоғамдық көлік қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек Еңбекші ауданында бұрын балаларды оңалту орталығы орналасқан аумақтың қазіргі жағдайы қаралды. Бұрынғы ғимарат апатты жағдайда болуына байланысты сүрілген. Жауапты тұлғаларға аталған аумақта тұрғындардың қажеттілігіне сай әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Тұран ауданындағы Қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығының бос тұрған ғимараты да зерделенді. 1950 жылы салынған нысан техникалық тексеру қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Жауапты тұлғаларға ғимараттың жағдайын ескере отырып, оны одан әрі пайдалану бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Аралау соңында жаңа айналма жол өтетін аумақ әуеден бақыланды. Төрт жолақты болашақ магистральдің ұзындығы шамамен 50 шақырымды құрайды. Жоба Алматы және Ташкент бағытындағы жолдарды өзара байланыстырып, транзиттік көлікті қала аумағынан тыс шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде негізгі магистральдардағы көлік жүктемесін азайтып, қаладағы жол қозғалысының тиімділігін арттыруға жағдай жасалады.


