Аталған іс – шараны Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығы өткізген.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері есірткі сататын веб-сайттарды анықтап, Жастар ресурстық орталығымен бірлесе есірткі жарнамалайтын жазбаларды өшіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған іс – шара барысында Шымкент қаласындағы ғимараттар мен тұрғынүйлердің қабырғасындағы есірткі жарнамалайтын түрлі интернет жүйесіндегі сайттардың сілтемелері жазылған отыздан астам жазба жойылды.
Сондай-ақ, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ғаламторда мониторинг жүргізіп, Telegram қосымшасы және басқа да түрлі әлеуметтік желілер арқылы осындай хабарландырулар таратқан веб-сайттарды анықтады. Нәтижесінде, қазіргі таңда ол сайттарға кіруге шектеу қойылған.
Айта кетейік, мұндай заңсыз іс-әрекет есірткі құралдарын жарнамалау және насихаттау болып саналады. Ол үшін ҚР ӘҚтК-нің 434 және 505-бабының талаптары бойынша 5 АЕК-тен 15 күнге дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.