​Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс XXXVIII сессиясы өтті

0
126

Сессия барысында қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды алты мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.


​Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс XXXVIII сессиясы өтті

ERNUR.KZ. Жиынға қала әкімі, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыc ашық форматта өтіп, онлайн-трансляция ұйымдастырылды.

Сессия барысында қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды алты мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Негізгі шешімдердің бірі – Шымкент қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетін нақтылау болды. Нәтижесінде қала бюджетінің көлемі 868 млрд теңгеден 893 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл басым бағыттарды қаржыландыруға және жоспарланған жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депутаттар толық аяқталып, пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының тізбесін бекітті. Құжат жобалау жұмыстарынан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді.
Күн тәртібі аясында «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру қағидалары бекітіліп, «Шымкент қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, қала әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселе бұған дейін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстарында қаралып, депутаттар ұсынылған шешім жобаларын жан-жақты талқылады. Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар мен ескертулер ескерілді.
Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаралған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, депутаттарға сындарлы қолдауы мен нәтижелі өзара іс-қимылы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар қаланы одан әрі дамыту жолында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.