​Шымкент қаласының Таскен тұрғын алабында 65 отбасы жарықсыз отыр

0
859

Жарық беруші компания мен тұрғындардың арасында келіспеушілік орын алған.


​Шымкент қаласының Таскен тұрғын алабында 65 отбасы жарықсыз отыр

Таскен тұрғын алабын жарықпен қамтамасыз етуші жеке компанияның қарызы үшін 65 отбасы жапа шегіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жарық беруші компания тұрғындардың 4-5 жыл ішінде 1 млн 300 мың теңге көлемінде берешегі бар екендігін айтады. Бірақ бұнымен жергілікті жұрт келіспейді. Жарық ақысын ай сайын төлеп келгенін айтады.

- Мәжбүрлі түрде "Энергопоток" ЖШС бізді жарықсыз қалдырып отыр. Біз өзіміз тұтынатын жарыққа 25, кейде 27 теңгеден төлейміз. Не айтады оған да қоса төлейміз. Енді келіп қарыз дейді. Онысы қалай? Менің өзім жаңадан көшіп келгендіктен ешқандай берешегім жоқ, бермеймін, - дейді жергілікті тұрғын Нұрбол Омаров.

Әдетте мұнда электр тоғы жел тұрып, дауыл болғанда сөніп қала беретін көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде жарықты жауаптылар жиі сөндіріп тастай беретін болған. Ал жауаптылардың сөзіне сенсек:

- Электр қуаты ол – тауар. Біз оны сатып алып, сіздерге сатамыз. Оның да ақшасы төленуі керек қой. Тұтынған жарықты жергілікті тұрғындардың өздері төлеуі керек. Әкімдік тарапынан қосып беріңіздер деген ұсыныстар түсіп, бұл бірнеше рет қайта қосылды. Қарызды төлеген ешкім жоқ. Төтенше жағдай кезінде де ешкімге тимедік. Енді қордаланған қарызды халықтың өзі төлеуі керек, - дейді "Энергопоток" ЖШС-нің қалалық өтім бөлімінің бастығы Файзулла Аманов.

Тұрғындардың айтуынша, электр қуатынан түскен қаржы толықтай меншік иесіне жетпеген. Жарық ақшасын жинаушы да 400 мың теңге көлеміндегі қаржыны өз қалтасына басқан деп отыр тұрғындар. Осыны қоса есептегенде 65 отбасы жарық беруші мекемеге 1 млн 300 мың теңге қарыз болған. Алайда олар бұл соманы жеке қалтамыздан төлей алмаймыз деп отыр тұрғындар. Бірі "жаңадан көшіп келдік, кінәміз жоқ" десе, ендігісі әлеуметтік жағдайын алға тартады.


"Энергопоток" ЖШС-нің қалалық өтім бөлімінің бастығы Файзулла Амановтың айтуынша, жоспар бойынша Таскен тұрғын алабы мемлекеттен берілетін электр жарығын толықтай қараша айында қол жеткізеді. Оған дейін тұрғындар жеке компанияға тиесілі қарыздан толық құтылуы керек. Оны бірден төлеу де тұрғындарға оңай тимейді.

Осыны ескерген жергілікті билік өкілдері жауапты сала қызметкерлерін халықпен кездесуге арнайы шақыртты. Сөйтіп екі тарап ортақ келісімге келді. 600 мың теңге берешекті демеушілер төлесе, 400 мың теңгесін жарық ақшасын жинаушы өз қаражаты есебінен шығаратын болды. Ал қалған 300 мың теңге көлеміндегі берешекті тұрғындардың өздері ортадан жинап, төлейміз деп келісті.

Көптен бері күрмеуін күткен мәселе осылайша оң шешімін тапты.