​ШЫМКЕНТ: ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС ҚИМЫЛ КҮШЕЙТІЛЕДІ

0
104


​ШЫМКЕНТ: ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС ҚИМЫЛ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Заң мен тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы штабтың бірлескен кезекті отырысы өтті.


Жиынға жергілікті өкілді органдардың, құқық қорғау және арнаулы органдардың, әскери басқару органдарының басшылары, сондай ақ аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың нәтижелері, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері қаралды.

Жиында Шымкент қаласының криминогендік ахуалы мен есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша Полиция департаментінің басшылығы баяндама жасады. Баяндама барысында қалада қылмысқа қатысты бірқатар көрсеткіштің төмендегені айтылды.

Қала әкімі криминогендік ахуалдың өзекті мәселелеріне тоқталып, оларды бірлесіп шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, көлік жүргізу тәртібі мен жүргізу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмысты тек полиция органдарының рейдтік іс шараларымен шектемеу қажеттігін атап өтті.

Осы бағыттағы ақпараттық және профилактикалық жұмысты ведомствоаралық сипатта жүргізу, тиісті бастамаларды жан жақты пысықтап, оларды орындау бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков жастар саясаты, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, ішкі саясат және білім беру салалары бойынша есірткіге қарсы жобаларды күшейту қажеттігіне назар аударды. Осы бағыттарда жүзеге асырылатын жаңа жобалар бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Жиын қорытындысында айтылған барлық ұсыныс назарға алынып, оларды ведомствоаралық деңгейде іске асыру бойынша бірыңғай ұсынымдар әзірленді.