ШЫМКЕНТ: Күйеуін пышақтаған әйелге сот үкімі шықты

0
1 565

Шымкент қаласының 33 жасар тұрғыны күейеуімен жанжалдасып, ашу үстінде оның кеудесіне пышақ сұғып алған.


ШЫМКЕНТ: Күйеуін пышақтаған әйелге сот үкімі шықты

Фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден

Өз күйеуін пышақтаған шымкенттік әйелге қатысты сот үкімі шықты - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында 33 жастағы Лидияға қатысты сот үкімі оқылды. Сот тергеуі кезінде ерлі-зайыптының арасында ортақ қыз перзентінің тәрбиесіне қатысты жанжал туғандығы анықталған. Әйелі күйеуінің бүлдіршін қызының тәрбиесіндегі құлшынысын құп көрмеген көрінеді.

Сөзбен салғыласып, ақырында күйеуі әйелінің бетінен шапалақпен салып жібереді. Бұл сәтте жәбірленуші күйеу алкогольді ішімдік ішкені белгілі болған. Ащы шапалаққа шыдай алмаған әйелі дереу асханадан пышақ әкеп күйеуінің кеуде түсына сұғып алған. Қанды көріп өзі шошыған әйел жалмажан жедел жәрдем қызметін шақыртып, дәрігерлер келгенше алғашқы медициналық көмекті өзі көрсете бастаған. Абырой болғанда ақ халаттылар уақытылы жеткен. Әйелінің кеудесіне сұққан пышақтан жәбірленуші күйеуі өкпенің терең жарақатын алған. Қан көп жоғалтқан. Алайда дәрігерлердің жедел көмегі нәтижесінде аман қалған.
Сот процесі кезінде жәбірленуші сотталушыға кешірім бергенін айтып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұранған. Сотталушы да өзінің шын өкінетіндігін айтып сот кезінде кешірім сұраған. Сот 33 жастағы Лидияны кісі денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп тауып, істің барлық мән жайларын ескере отырып 3 жылға шартты жазаға кесті. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.