Шымкенттің 443 магистралды көшесін тазалау жұмыстарына 5 МЖӘ серіктесі қатысып, қысқа 243 арнайы техника дайындалды. Қар тазалауға күн сайын 2 мыңға жуық жұмысшы шығады. Аудандар бойынша 180–350 шақырым аралығындағы көшелерде 37–62 техника қызмет көрсетеді.
Қысқы материалдар қоры толық: 25 000 м³ құм және 15 000 тонна тұз сатып алынды. Қар шығару орындары бекітілген.
Су арналары бойынша «Қошқар-ата» жағалауын абаттандыру, «Ақжар» су қоймасын жаңғырту, «Ақсай–Қарабастау» және «Кәусар» каналдарының құрылысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, каналдардың 268 шақырымы механикалық тазалаудан өтуде.
«Бадам» өзенінің 9 шақырымында арна нығайтылса, 2025 жылы ең қауіпті 5,3 шақырымдық бөлікті жаңарту басталды.
Қала микроклиматын жақсарту үшін «БМК» каналынан «Жаңа Шек» каналына тәулігіне 200–250 л/с су жіберіліп, орталық көшелерді ылғалдандыру жүйесі іске қосылды. Жүйені Кіші Самал мен Абай саябағы бағытына кеңейту жоспарланған.
Қалада 86 субұрқақ бар, оның 41-і басқарма теңгерімінде. Биыл барлық субұрқақ жоспарға сай жұмыс істеп, 18 жаңа субұрқақ салынды. 2025 жылы қызмет көрсетуге 250 млн теңге бөлініп, сорғылар жаңартылды. Қазір субұрқақтар қысқы сақтауға жиналуда.


