Шағын ғана таңертеңгі әдеттер күнді әлдеқайда жинақы, өнімді етеді.
көрнекілік: mk.com сайтынан
Студент өмірі — дедлайн, сабақ, жұмыс, жобалар, сессия… Бәрі араласып кететін қарбалас кезең. Осындай кезде таңертеңгі ритуал сіздің күнді «қайта жүктеу» батырмасы сияқты. Көңіл күйді реттеп, энергия беріп, миыңызды сабақты қабылдауға дайындайды. Тіпті шаршаған күннің өзінде, дұрыс басталған таң — қалған уақыттың да ырғағын анықтайды. Көп студент ойланбай оянып, телефон қарап, асығып кетеді де, күннің жартысы босқа кетеді. Ал шағын ғана таңертеңгі әдеттер күнді әлдеқайда жинақы, өнімді етеді.
1. Ұйқы гигиенасы маңызды
Таңертеңгі ритуал тек оянғаннан басталмайды, ол алдыңғы күнгі ұйқыдан басталады. Кешкі 23:00-ден кейін ұйықтау қиын, ал ми тоймай тынықпаған кезде таңертеңгі ритуал да әсерсіз. Сондықтан ұйқы режимін қалыптастыру студент үшін — ең бірінші қадам. Бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға дағдыланған адам стресске азырақ түседі. Таңда өзін сергек сезінеді, сабаққа да зейіні жақсырақ ашылады. Ең қызығы — режим қалыптасқан кезде ояну будильниксіз-ақ жеңіл болады.
2. Телефонсыз 10 минут
Көп студент оянған бойда Instagram ашып жатады, ал бұл миға бірден ақпараттық «шок» береді. Оның орнына алғашқы 10 минутты телефонсыз өткізген дұрыс. Терең тыныс алып, пердені ашып, бөлмеге жарық кіргізіп, денені созып алсаңыз — миңыз бірден «жұмыс режиміне» түседі. Бұл кішкентай ғана рәсім стрессті азайтып, күнді сабырлы бастауға көмектеседі. Оянған бойда телефон ұстамау — студент үшін ең пайдалы микро-әдеттердің бірі.
3. Қысқа жаттығу немесе жеңіл серуен
Таңғы жаттығу міндетті түрде 30 минут болудың қажеті жоқ. 3–5 минуттық созылу, 1 минуттық планка или жатақхана ауласында 5 минут серуеннің өзі жеткілікті. Маңыздысы — денені ояту. Осылай қозғалғанда миға оттегі жақсырақ барады, көңіл күй көтеріледі, мотивация пайда болады. Өнімділік артқанын студенттер өздері-ақ байқайды. Тіпті жаттығу жасамаған күндері де дене бірдеңе жетіспей тұрғандай күй сезіліп тұрады — яғни әдет қалыптасады.
4. Таңғы жоспарыңды жаз
Күнді хаоспен емес, нақты жоспармен бастау — студентті өте көп күйзелістен құтқарады. Таңертең 2–3 минут бөліп, «бүгін міндетті түрде істелуі керек» үш жұмысты жазып қойсаңыз жеткілікті. Бұл тізім күнді жинақтайды, басыңызды босатады, әрі кіші тапсырмаларды орындау арқылы мотивацияңызды көтереді. Ең бастысы — жоспарды тым толтырмау. Аз, бірақ нақты мақсаттар — өнімді таңертеңнің кілті.
5. Қуатты таңғы ас – миға жанармай
Студенттің емі — жылдам тамақ, печенье, кофемен жүре салу… Бірақ таңертең дұрыс тамақтану ми жұмысын айтарлықтай жақсартады. Жұмыртқа, йогурт, жеміс немесе сұлы ботқасы — ұзақ уақытқа энергия береді. Таңғы ас ішкен студент сабақта белсенді, ойы жинақы, шаршауы аз болады. Ал таңертең тамақтанбай үйден шыққан студент түске дейін қант азайып, әлсіреп, мотивациясы түсіп кетеді.
6. Жолда жүріп оқу емес, өзіңе 5 минут бөлу
Көп студент сабаққа асығып жүріп, жолда дайындалғысы келеді. Бірақ таңертеңгі ритуалдың мәні — өзіңе санаулы минут уақыт бөлу. Сол 5 минутты тыныш отырып, шәй ішіп, ой жинап, тыныс реттеуге арнау — көп тапсырманы орындаудан да пайдалы. Себебі миды «тыныш күйге» түсіру кейінгі өнімділікті бірнеше есе көтереді.
Таңертеңгі ритуалға көп уақыт кетпейді. Ол 1 сағатты емес, бар болғаны 10–15 минутты ғана алады. Бірақ дәл осы қысқа уақыт студенттің бүкіл күнін өзгертеді: көңіл күйді көтереді, сабаққа зейін қояды, күйзелісті азайтады әрі өнімділік әдетке айналады. Ең бастысы — ритуалды күрделі қылмау. Жай ғана ояну, жарық түсіру, созылу, тамақтану және шағын жоспар жазу. Осындай қарапайым әдеттер студенттік өмірді әлдеқайда жеңіл, тартымды әрі ұйымдасқан етеді.


