Қоғамдық тыңдауға жиналған қала тұрғындары жаңа көше атауларын қоюға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Шымкент қалалық мәслихат депутаттары, ономастика комиссиясының тұрақты мүшелері Т. Сұлтанова, Қ. Досалиев, Ә. Жұмақұлова және Т. Балтабаев көшелерге атау беру және қайта атау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
— Көше атауларын нақтылау бойынша үш рет бас қостық. Бізде 550 тарихи тұлғаның тізімі жасалған. Солардың үш жүзден астамы көшелерге берілді. Қалған есімдер де атауы жоқ көшелерге қойылады. Бүгінгі таңда Қаратау ауданында жүзден астам жаңа көше бар. Келешекте олардың барлығына да атау беріледі. Өйткені бұл жұмысты ширату қала тұрғындары үшін маңызды болып тұр. Тезірек көшелерде жаңа атаулар пайда болып, картаға енгізілсе, "жедел жәрдем" секілді халыққа қызмет көрсетуші мекемелерге мекенжайды тауып бару жеңілдей түсер еді, - деді тұрақты комиссия төрайымы Т. Сұлтанова.
Қоғамдық тыңдауға жиналған қала тұрғындары жаңа көше атауларын қоюға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында тұрақты комиссия жаңа көшелерге атау беру, "Жеңіс" саябағын ресми Сабыр Рахымов атымен атау, Еңбекші ауданының орысша транскрипциясында кеткен қателікті түзетіп Э әрпін Е-ге ауыстыру туралы тұжырымға келді.