​ШЫМКЕНТ ПЕН ВЕНГРИЯ ӨҢІРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯДЫ

0
90


​ШЫМКЕНТ ПЕН ВЕНГРИЯ ӨҢІРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯДЫ

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Алматыдағы Венгрияның Бас консулы Саболч Карой Сёке бастаған Венгрия делегациясымен кездесті. Кездесу барысында Шымкент пен Венгрия өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.


Қазақстан мен Венгрияны ежелден қалыптасқан достық және өзара құрметке негізделген қарым қатынас байланыстырады. Бүгінде екі ел арасындағы ықпалдастық сауда экономика, инвестиция, туризм, мәдени гуманитарлық және білім беру салаларында қарқынды дамып келеді.

Кездесуде қала әкімі Шымкенттің экономикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Қаланың көлік және сауда бағыттары тоғысқан тиімді орналасуы халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сондай ақ Қазақстан Венгрия бизнес форумының маңыздылығы сөз болды. Форумға екі елдің кәсіпкерлері қатысып, іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Іс шара аясында B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, инвестициялық жобалар, құрал жабдықтар мен өнімдерді жеткізу, технологиялық ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері қарастырылды.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Шымкент пен Дебрецен қалалары арасында бауырлас қала қатынастарын орнату мүмкіндігі талқыланды. Бұл бастама екі қала арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болмақ.

Өзара байланысты кеңейтуге былтыр мамыр айында ашылған Шымкент Будапешт тікелей әуе рейсі де маңызды мүмкіндік беріп отыр. Әуе қатынасы аптасына екі рет орындалады. Бұл өз кезегінде туризм, бизнес және мәдени алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар тараптар мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін қарастырды. Бұл бағытта 2025 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Шымкент қаласындағы Венгрияның Құрметті консулдығының маңызы атап өтілді.

Кездесу қорытындысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Венгрияның Бас консулына және венгриялық бизнес өкілдеріне қалаға арнайы келіп, Шымкентке қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірді.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты жобалармен жалғасуы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер беретіні атап өтілді.