ШЫМКЕНТ: Сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтардың барлығына тегін медициналық көмек көрсетіледі

0
2 310

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда МӘМС жүйесі іске қосылады.


ШЫМКЕНТ: Сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтардың барлығына тегін медициналық көмек көрсетіледі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау саласына 2020 жылға 62,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байдувалиев Асхан Мархабайұлы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз брифингінде айтты.

«Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау саласына 2020 жылға 62,3 млрд. теңге бөліну жоспарланып отыр. Оның ішінде 37,3 млрд. тегін кепілдендірілген медициналық көмекке және 25 млрд. теңге МӘМС-ке жұмсалады. Сонымен қатар, халыққа амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 5,5 млрд. теңгеге дәрілік заттар сатып алынатын болады», - дейді Асхан Мархабайұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ, сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтарға бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі мен басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіледі.

Айта кетейік, қазіргі таңда МӘМС жүйесі бойынша 531 997 азамат қамтылған және Шымкентте орналасқан 18 ірі кәсіпорынның базасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.