Шымкент шағын аудандарында өрт сөндіру деполары бой көтеруде

0
146

Жаңа нысандардың іске қосылуы қала тұрғындарының қауіпсіздігін айтарлықтай арттырып, төтенше жағдайларға дер кезінде және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді, бұл өмірді сақтау мен материалдық залалды азайтудың маңызды кепілі болмақ.


Шымкент шағын аудандарында өрт сөндіру деполары бой көтеруде

Шымкент қаласының шалғайдағы және жаңадан дамып келе жатқан шағын аудандарында төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқарту және өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы басталды. Бұл ауқымды жоба қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.

Қазіргі таңда қаланың үш маңызды ауданында – Таскен, Елтай және Сәуле шағын аудандарында – жаңа нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылысы басталған бұл деполар жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Жаңадан пайдалануға берілетін бір қабатты ғимараттарда 20-ға жуық білікті қызметкер жұмыс істеп, 2 өрт сөндіру техникасы тәулік бойы тұрақты дайындықта тұрады. Бұдан бөлек, жаңа деполар халыққа қызмет көрсететін кешенді орталыққа айналады: мұнда учаскелік полиция, медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті және жол-патрульдік қызмет те қолжетімді болмақ. Ғимарат ішінде қызметтік кабинеттер, асхана және оқу сыныбы қарастырылған.

Қауіпсіздік географиясын кеңейту мақсатында, жыл соңына дейін Бозарық пен Жаңаталап шағын аудандарында да осындай шағын деполардың құрылысы басталады. Ал 2026 жылы жобаның ауқымы одан әрі кеңейіп, Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағын аудандары өрт сөндіру бекеттерімен қамтылады. Бұл оннан астам аудандағы қауіпсіздік деңгейін еселей арттырады.

Сондай-ақ, қаладағы ауқымды жобалардың бірі – Тұран шағын ауданында салынып жатқан 4 автокөлікке арналған ірі өрт сөндіру депосының құрылысы. Бұл нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, қазіргі таңда жұмыс көлемінің 25%-ы орындалды. Ірі депоның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Әкім орынбасары атап өткендей, жаңа нысандардың іске қосылуы қала тұрғындарының қауіпсіздігін айтарлықтай арттырып, төтенше жағдайларға дер кезінде және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді, бұл өмірді сақтау мен материалдық залалды азайтудың маңызды кепілі болмақ.

Бөлісу