​Шымкент тұрғыны Молдовадан аман-есен келген қызымен алты жылдан кейін қауышты

0
1 375

Бір-бірін алты жыл көрмеген ана мен бала жылап қауышты.


​Шымкент тұрғыны Молдовадан аман-есен келген қызымен алты жылдан кейін қауышты

ERNUR.KZ. Туған әкесі Молдоваға алып кеткен 11 жастағы жеткіншек араға 6 жыл салып анасымен Алматы әуежайында қауышты, деп жазады Today.kz.

Ата-анасы ажырасқан соң қызын әкесі өзінің туған жеріне әкеткен. Кәмелет жасына толмаған жеткіншек – сол Молдованың азаматы. Ақырында Кишиневта тұрғылықты жері болмай, қаңғыбасқа айналған қыздың осындағы шешесіне оралуына біздің дипломаттарымыз барын салған.

Қазақстан азаматы Олеся Георгиева молдовалық күйеуімен ажырасса да, қызынан айырылып қаламын деп әсте ойламапты. Некелері бұзылған соң бүлдіршін үш жылдай осында анасымен тұрады. Кейін әкесі келіп, қызды Молдовасына алып кетіпті. Кишеневтағы тұрмысы нашар болғандықтан Ираға дұрыс қарамаған. Жүдеп-жадаған жеткіншектің көше кезіп жүргеніне сол жақтағы көршілері куә.

"Алғашында қызыммен хабарласып, дауысын естіп жүретінмін. Бәрі жақсы дейтін. Сәл шыда, жақында кездесеміз деп жүргенімде олардан мүлде айырылып қалдым. Нөмірлерін ауыстырып тастады. Қорыққанымнан Молдовадағы таныстарға, көршілерге хабарласа бастадым. Сөйтсем ол Ираға күн бермей, оны ұрып-соғып үйден қуып жіберіпті", – дейді қыздың анасы Олеся.

Сөйтсе әкесі жарты жыл бұрын нашақорлыққа салынып, онсыз да дімкәс қызының тәрбиесіне бас қатырмаған. Бұл хабарды Олеся ести сала біздің дипломаттарымызға көмекке жүгініпті. Кишеневтағы консулдықтағылар қаңғырып жүрген қызды тауып, сол елдің азаматы болса да өткен түні Алматыға жеткізді. Бір-бірін алты жыл көрмеген ана мен бала жылап қауышты.

Бұл іске біздің консулдықтағылар қаңтар айынан бастап кіріскен. Молдова Республикасының Денсаулық Сақтау министрлігінің де көмегі тиіпті.

Анасын көргенде Ира абдырап қалды. Ақыры екеуі де қуаныштан көз жастарына ерік берді. Молдовадағы өмірін жеткіншек есіне де алғысы келмейді.

"Осы сәтті қанша уақыттан бері күттім, дәл қазір қандай сезімде тұрғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын", – деді Ирина Андриеш.

Араға 6 жыл салып қызымен аман-есен қауышқан анасы енді Шымкенттегі үйлеріне қайта оралмақ. Сондай-ақ, онда псиxологтардың көмегіне жүгініп, қызын мектепке бермекші.