Шымкент қаласында Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, сондай-ақ Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қала кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағыттарын және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіру.
Кеңес Қаратау ауданы әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылды. Кездесуге Энергетика вице-министрі Қуанышбек Тұтқышбаев, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жандос Нұржанов, Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ербол Жаутікбаев, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті басқармасының басшысы Сейітжан Нұртаза қатысты.
Сонымен қатар, шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері де шақырылды.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған құжат салық жүйесін оңайлату мен экономикалық белсенділікті ынталандыруға бағытталған.
Жаңа кодексте бірқатар жүйелі өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда:
салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту,
салық түрлерінің санын 20%-ға азайту,
салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру,
сараланған салық ставкаларын енгізу,
инвестициялық белсенділікті қолдау,
сән-салтанат бұйымдарына салықтық жүктемені арттыру.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Министрлік өкілдері кәсіпкерлік қызметті дамыту жолындағы өзекті мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, кері байланыс орнатуға баса назар аударды.